Құқықбұзушылық-көкейтесті мәселе

203 көрілім

Биыл халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына айналды»,-деді. Иә, мемлекет бүгінде елдің ертеңгі болашағы жастардың әлеуметтік мәселесін шешу үшін қажетті жағдайларды жасап  отыр. Дегенмен жастар арасындағы ең негізгі проблеманың бірі қылмыс болып отыр. 2019 жылы Президент:

– «Қазақстан – жас мемлекет. Әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-дан төмен болса, азаматтарымыздың орташа жасы 34-тен аспайды. (…) Қазір бүкіл қоғамның назары балалар мен жас жеткіншектерді құқықтық және өнегелік тәрбиелеу мәселесіне аударылып отыр.

Өздеріңіз де жақсы білесіздер, баса назарды қажет ететін әлеуметтік проблемалардың бірі – жастар арасындағы қылмыс. Жыл сайын елімізде жасалатын құқық бұзушылық пен қылмыстардың 50%-ға жуығын жастар жасайды. 2017 жылы  барлық қылмыс жасағандардың 46%-ы 14 – 29 жас аралығындағы жастар болған. Біздің мектептердегі зорлық-зомбылық, күш көрсету, қудалау, қорқыту, кемсіту жағдайлары қоғамдық резонанс туғызды. Бұл жағдайлар жайлы бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық қор қызметінің арқасында белгілі болды», – деген болатын.      

 Жуырда Түркістан қаласындағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен оның алдын алу бойынша келелі кездесу өтті. Бұл туралы Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жастардың білімді, заман талабына сай болып қалыптасуына ықпал жасау мақсатында ұйымдастырылған басқосуға Түркістан қаласы прокурорының орынбасары Күмісхан Таңатов, қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, полиция қызметкерлері, ұстаздар мен ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты. 

Жиында қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев баяндама жасап, оқушылардың түнгі мезгілде компьютерлік ойынханаларды жүрмеуін қатаң қадағалау керектігін атап өтті. Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасованың сөзінше, бала тәрбиесінде мектептегі мұғалімдерден бөлек, ата-аналардың да рөлі жоғары. Сондықтан, «Тәрбиесіз берілген біл, адамзаттың қас жауы» тәмсілінің маңызы әрдайым жоғары.

«Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, білім беру мекемелерімен полиция органдарында профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдерді бақылау және жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар атқарылуда. Қала көлемінде 55 білім беру ұйымдары бар. Осыған байланысты, барлық қызметкерлер 9 аймаққа бөлініп, жауапты етіп бекітілген. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қалалық прокуратура, әкімшілік және адами әлеуетті дамыту бөлімімен бірлесіп, жасөспірім оқушылар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу үшін 382 кездесу ұйымдастырылған»,-деді қаланың бас полицейі Бауыржан Дәулетханұлы.

Жоспарға сәйкес, қалалық полиция басқармасы тарапынан «Балалардың жол қауіпсіздігі», «Жасөспірім», «Абайлаңыз балалар», «Түнгі қаладағы балалар» атауымен түнгі рейдтік іс-шаралары тұрақты түрде өткізілуде. Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл – күн тәртібінен түспейтін көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы