КҮЙЗЕЛІС ПЕН ӘЛІМЖЕТТІК ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА ОРЫН АЛМАУЫ ТИІС

2  119 көрілім

Бүгін Түркістанда «Күйзелістің және буллингтің алдын алу» атты семинар-тренинг өтті. «Отбасы академиясы» қоғамдық қорының «Өнеге» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға рухани шаһардағы №24 жалпы орта мектептің 10-сынып оқушылары қатысты. Буллинг сөзі ағылшын тілінен аударылғанда bully – мазақтау, қорқыту деген мағына береді. Мамандардың мәліметіне сүйенсек әлемде әрбір үшінші бала зорлық-зомбылықтың әрекетіне ұшырайды екен. Сауалнама қорытындысына зер салсақ әсіресе, ер балалар моральдық тұрғыда көбірек жапа шеккен. Осы олқылықтарды болдырмау үшін тренингтің жасөспірімдерге берері мол.


«Түркістан облысында маусым айынан бастап бұл жоба жүзеге асып келеді. Бүгінгі күнге дейін 20-ға жуық семинар-тренингтер өткіздік. Меже бойынша біліктілігін арттырған тиісті сала мамандары мұндай кездесудің жалпы санын 27-ге дейін жеткізеді. Бұл жоба 700-ге жуық адамды қамтымақ. Біздің мақсат жасөспірімдер арасындағы күйзеліс пен буллингтің алдын алу жолдарын үйрету және өзін-өзі сауатты қорғай білуге шақыру. Егер мұндай жайт орын ала қалса қолдау көрсете отырып, заң аясында көмек беру», – деді жоба жетекшісі, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Б.Жандосова.


Бұл семинар-тренинг басқаларынан өзгеше өрбіді. Себебі, мини-лекцияға мән берген оқушылар, топ болып бөлініп өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Ал, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының басшысы, психолог-тренер Ф.Байзахова мен облыстық мобилді қызмет көрсету орталығының психолог-тренері Ш.Абдирахманова күйзелістің түрлеріне тоқталып, әлімжеттік жайлы тыңдаушыларға жіті түсіндірді. Көңіл сергітер ойындар ойнатылып, тақырып төңірегінде бейнероликер көрсетілді.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы