АЛАЯҚТАРДАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

1  145 көрілім

Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек мәселесінде қоғамда алып-қашпа әңгімелер толастамай тұр. Бұл жөнінде осы күнге дейін біз қалалық «Түркістан» газетінің бетінде бірнеше рет мақала жарияладық. Осы жолы тағы да аталмыш тақырыпқа оралуға мәжбүрміз. Өйткені қарапайым тұрғындар алаяқтардың құрбанына айналуда.
Қадірлі оқырман, естеріңізде болса қала әкімі Рашид Абатұлының тұрғындармен кездесуінде айтқан сөзін жариялап едік. Онда атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың жолын алаяқтар кесіп жатыр деген сыңайда пікір айтылған болатын шаһар басшысының тарапынан. Әкімнің айтқаны айдай келді. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп, Түркістан қалалық полиция басқармасының 2019 жыл 28 қыркүйек күнгі жедел ақпараты баяндалған парақшасына көз жүгіртіп көрдік. Сөйтсек, бір азаматша бір күнде төрт бірдей адаммен ауызша келісім жасап, атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесетінін айтып, 3 адамның әрқайсысынан 100 мың, бір азаматтан 50 мың теңге (жалпы 350 мың теңге) көлемінде алдын ала қызмет ақы алған. Бұл бір күнде болған және орын алған оқиға жапа шеккендердің арызы негізінде анықталып отыр. Ал, көмектен үміт күтіп, алданғанын аңдамай отырған бұдан өзге қанша азамат барын кім білсін?
Құзырлы органдар тарапынан осы мәселе зерделеніп, кінәлі адам жауапқа тартылар. Десе де алаяқтың арбауына түскен жандардың сан соғып, тиісті орындарға шағым түсіріп жүргені жығылған үстіне жұдырық болғаны анық.
Сондықтан, мемлекет тарапынан тағайындалатын жәрдемақыны алу барысында әлгіндей қулардың құрығына түсіп қалмаңыздар дегіміз келеді. Сонымен бірге, оңай олжа бойға сіңбейтінін ескерсек, мүмкіндігіңіз бола тұра қаржыға қызығып, мұқтаждардың жолын кеспеңіз демекпіз.
М.ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы