Сот шешімін түсіндіру халқымыздың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған және жеңіліп қалған тарапқа психологиялық жәрдем көрсету десекте болады. Себебі, барлық тараптар бойынша заңгерлер, адвокаттар қатыса бермейді. Қарапайым халық, заңды білмеген соң, өзінікін дұрыс деп сот шешімімен келіспей, кейбір жағдайларды мүлдем түсінбей, сотқа деген ренішпен кетіп жатады. Осындай келеңсіздік тудырмау үшін, сот қабылдаған шешімнің мәнін, мағынасын, салдарын, заңды күшін, орындау міндеттілігін, әр істің санаттылығына байланысты нақты түсіндіру қажет. Мұндай түсінбеушілік жағдайлар Түркістан қаласы тұрғындары арасында да кездестіруге болады. Сол секілді олқылықтарды толдыру үшін Мемлекет басшысы сот жүйесіне оң өзгерістер енгізу қажеттігін атап өткен болатын.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан екі жыл бұрын өзінің ант беру рәсімінде айтқандай, сабақтастықты сақтай отырып, Елбасының бастамаларын одан әрі дамытып, іске асырып келеді. Бұған бар білімім мен күш-жігерімді сот жүйесіне арнаған кәсіби заңгер ретінде көз жеткізіп келемін.
Заңгерлік тәжірибемізді отставкаға шыққаннан кейін де мүмкіндігінше пайдаланып, жас заңгерлерге ақыл-кеңес беріп, сот жүйесіндегі бастамаларға үн қосып отыруды жөн көрдік. Осы мақсатта Жоғарғы Соттың отставкадағы судьяларының бастамасымен «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігін құрып, жұмыс істеп жүрміз. Бұл – коммерциялық емес дербес ұйым.
Біз азаматтарды және заңды тұлғаларды қабылдап, сұрақтарына жауап береміз, олардың араларында туындаған дауларды арбитраж, медиация арқылы шешу мүмкіндіктерін қарастырамыз. Осылайша, соттарға түсірілетін арыздар мен шағымдарды азайтып, соттардың жұмыстарын жеңілдетуге ұмтыламыз. Сонымен қатар сот жүйесін дамыту үшін басқа да жолдар мен әдістемелерді іздестіреміз. Судьялардың әлеуметтік мәселелерін шешу мүмкіндіктерін де қарастырамыз. Мәселен, өзімізді толғандырып жүрген өткір мәселелер мен сот жүйесіне, қоғамда заңдылықты сақтау, пандемия кезеңіндегі қаржы-қаражат саясатына қатысты ұсыныс-пікірлерді білдіріп, Мемлекет басшысына арнайы хат жолдадық.
Мемлекет басшысы қолдау білдіріп қол қойған жаңа заңдарға келсек, өткен жылы 10 маусымда Азаматтық процестік кодекске түзетулер енгізілді. Егер бұрын судьяның азаматтық процестегі рөлі шектеулі болып келсе, енді ол өзгерді. Судьяның процестегі белсенділігі артты, жауапкершілігі күшейді. Судьяны талап-арыз қыспағынан шығармайтын шектеулер келмеске кетті. Судья істің шынайы мән-жайын анықтау үшін қосымша дәлелдемелерді сұратуға құқылы. Өз бетінше ақиқатқа көз жеткізуге ұмтылып, процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты өз ойын батыл айта алады. Ол үшін заң қажетті өкілеттік беріп отыр.
2020 жылғы 29 маусымда қол қойылған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес сотқа талап-арыз берген адам емес, керісінше, мемлекеттік орган өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беруге міндетті. Міне, осы заң 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұған дейін сот жүйесінде азаматтар тарапынан мемлекеттік органдарға қарсы талап бойынша талапкер өз шағымын дәлелдеуге міндетті болды. Судья процесте тыңдайтын. Мемлекеттік органдардың сот шешімдерін орындауы, шыны керек, нашар жүргізілетін. Енді заң бойынша 1 шілдеден бастап мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы күшіне енеді, бұл дегеніңіз, мемлекеттік органдар өз уәждерін дәлелдеуі тиіс. Судья талапкердің мүддесі үшін белсенділік көрсетуге құқылы. Сондай-ақ судья шешімнің орындалуын бақылайды әрі орындамағаны үшін мемлекеттік органның басшысына айыппұл салуға да құқы бар.
Президент тапсырмасымен судьялар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді шаралар жүріп жатыр. Оны қоғам сезіне бастады. Соңғы уақытта судьялардың парамен ұсталу фактілерінің орын алуы осыны айғақтайды. Осы арада бұл мәселені қоғамға судья көзқарасымен түсіндіріп өткім келеді. Өйткені оның «сырын» былайғы жұрт көп байқай бермейді. «Судья парамен ұсталды» десе болды, жерден жеті қоян тапқандай, Жоғарғы Сот басшылығын, не жалпы судьялар қауымын қаралап жатады. Шын мәнінде солай ма? Жоқ, мүлде олай емес.
Біріншіден, сот – классикалық стильдегі мемлекеттік орган емес. Шешімді судьяның өзі дайындайды және өзі шығарады. Осы орайда оның кеше ғана судья болғаны немесе 20 жылдық жұмыс өтілінің бар-жоқтығы маңызды емес. Айталық, шенеуніктің қатесін тез арада, айғай-шусыз түзетуге болады және бұл туралы сырттан біреулердің, яғни көпшіліктің білуі екіталай. Ал судьяның қателігін жоғары тұрған орган ғана түзетуге құқылы. Мұның өзі әрдайым ашық жағдайда өтеді және бірден іске аспайды. Оған кем дегенде бір айдан астам уақыт өтеді. Яғни шенеунік пен судьяның қателіктерінің салдары – жер мен көктей. Екіншіден, соттар кадр мәселелерінен шеттетілген. Сот кадрларын іріктеумен сот төрағалары емес, мүлдем басқа орган – Жоғары сот Кеңесі айналысады. Кеңес жұмыстан босату немесе жаза беру мәселелерін де шешеді.
Ал судьяның пара алуының себебіне үңілсек, бұл судьялық кадрлар сапасына тікелей байланысты ма деп ойлаймын. Мысалы, 2018 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 230-дан аса жаңа судья қабылданған. Осыған байланысты 2014 жылы бұрын-соңды болмаған жағдай орын алып, 750 кандидаттың 500-і бірден судья атанды. Бұл әр үш үміткердің екеуі судья мантиясын киді деген сөз. Ал енді қараңыз: осы 500 судьяның 103-і түрлі негіздер бойынша лауазымдарынан босатылды. Олардың ішінде 19-ы тәртіптік жазаға тартылды. Ал 10 судья сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық қудалау объектісіне айналды.
Елбасы мен Мемлекет басшысының Жоғарғы соттың басшылығына берген нақты бағыт-бағдарынан кейін судьялыққа білікті мамандарды тартуға жол ашылды. Жаңа HR сүзгілері «кездейсоқ» және кәсіби деңгейі төмен заңгерлердің сотқа келуіне тосқауыл қойды. 2018 жылдан бастап жылына 50-ге жуық үміткер судья лауазымына тағайындалуда. Енді судьялыққа үміткерлерді мұқият тексеруге әрі зерттеуге мүмкіндік бар. Мұны цифрлардың өзі дәлелдеп беретінін байқауға болады. Егер 2018 жылға дейінгі 5 жылды алып қарасақ, 100 кандидаттың 25-і судья болғанын аңғарамыз. Қазір әр 100 үміткердің ішінен судьялыққа өтетін адамдардың саны әрі кетсе 6-дан аспайды.
Осы уақыт ішінде 300-ге жуық бос жұмыс орны пайда болды. Әрбір 4-ші аудандық сотта төраға жоқ. Мұның себебі тілек білдірушілердің жоқтығында емес. Олардың қатары жеткілікті. Мәселе – кандидаттардың Жоғары Сот Кеңесінің жаңа талаптарына сәйкес келмей отырғанында. Екінші маңызды мәселе, менің ойымша, қазіргі жағдайдың ерекшелігі. Бүгінгі таңда судьялардың кәсіби жарамдылығын бағалаудың жаңа көп сатылы жүйесі енгізілді. Жүйе қазірдің өзінде халықаралық сарапшылар тарапынан оң пікірге ие болды. 2019 жылдан бастап 600-ге жуық судьяның атқарған қызметі осылай бағалануда. Олардың 10%-ы судьялыққа өтпеді, не кәсіби жарамдылығы үшін жұмыстан шығарылды, не жүктемесі аз учаскелерге ауыстырылды. Бұрын бірнеше жыл ішінде 1600 судьяның ішінен 15 судья ғана қанағаттанарлықсыз баға алған, яғни 1%-дан да аз.
Сот жүйесіндегі жаңғырудың тағы бір көрінісі – қазір ақтау үкімдері көптеп шығарылуда. Мұның себебі неде? Жоғарғы Сот 2015 жылдан бастап 2017 жыл қоса қамтылған кезеңде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің істері бойынша қамауға алынған адамдардың бірде-бірінің ақталмағанын жариялады. Ал соңғы 3 жылда қамауда отырған 36 адам ақталды. Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақталған адамдардың саны 8 есе өсті (2015-2017 жылдардағы 60 адамнан 2018-2020 жылдарда 480 адамға дейін). Соттар тергеуге қарсы шағымдарды жиі қанағаттандыра бастады. Күдіктілерді қамауға санкция беруден екі есе жиі бас тартылады. Айта кету керек, 2018-2020 жылдары сыбайлас жемқорлық үшін прокуратураның 23 қызметкері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 10 қызметкері және басқа да құқық қорғау органдарының 930-дан астам адамы сотталды. Бұл деректер Жоғарғы сот тарапынан біраз жұмыс істеліп жатқанын көрсетеді.
Кейде әлеуметтік желіде «заңсыз әрекетімен көзге түскен немесе әділетсіз шешім қабылдаған судьялар неге жұмыстан шығарылмайды?» деген сауал айтылып қалады.
Жұмыстан шығарылғанда қандай! 2019 жылдан бастап 83 судья теріс себептер бойынша жұмыстан босатылды немесе қызметінен төмендетілді. Бұл аз емес. Бұрынғыдан 4 есе көп. Мәселен, мас күйінде жол апатын жасаған Батыс Қазақстан облысы аудандық соттар төрағасының бірі қызметінен босатылды. Немесе әлеуметтік желілерде Алматы облысы аудандық соты төрағасының карантиндік шектеулер кезінде моншаға түсіп жатқаны туралы бейнекөрініс болғаны белгілі. Ол да жұмыстан шығарылды. Қазіргі таңда Қарағанды облыстық сотының 3 судьясына қатысты материалдар Жоғары сот Кеңесіне жіберілді.
Судья әдебі кодексін бұзғаны үшін судьяны жұмыстан шығару рәсімі өте ұзақ уақытты алады. Бұл үшін алдымен Судья әдебі жөніндегі комиссия, содан кейін Судьялар одағының Орталық кеңесі, одан соң Жоғары сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі, содан кейін ғана Жоғары сот Кеңесінің өзі қорытынды беруге тиіс. Оның ұсынуы бойынша түпкілікті шешімді Президент қабылдайды. Бұл процесс көбінесе ұзақ уақытқа созылады.
Қоғам, егер шаралар дереу қабылданбаса, олар мүлдем қабылданбайды деп санайды. Шын мәнінде олай емес, әр нәрсенің өз мерзімі, өз реті бар. Сондықтан соттардың жұмысына қатысты мәселеге асығыстықпен емес, түсіністікпен қарағанымыз абзал. «Асыққан – шайтанның ісі» екенін әркім білсе керек.