Биліктің бір тармағы ретінде соттың мемлекет дамуында атқаратын қызметі зор. Демократиялық жолды таңдаған елге тән негізгі белгілердің бірі онда қоғамның барлық саласындағы қарым-қатынастардың заңмен реттелетіндігі. Ал, сол заң аясында реттелген қарым-қатынастар барысында туындайтын құқықтық дау-дамайлардың бәрі тек сот арқылы шешіледі. Бұл да зайырлы, демократиялық дамуды таңдаған мемлекеттің еншісіне тиесілі басты артықшылық.
Аталмыш ауқымды міндетті атқару барысында сотқа түрлі сыртқы ықпал етулер болуы мүмкін. Оған жол берілген жағдайда судьяның әділ шешім шығаруы да екіталай. Осы себепті де Қазақстанда соттардың құзыреті, тәуелсіздігі заңмен, оның ішінде ең әуелі Конституциямен айқындалып, ерекше мәртебе берілген. Мемлекет басшысының да сот беделі мемлекет беделімен тығыз байланысты екенін үнемі еске салып, сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталған тың міндеттер жүктеп отыратыны да сондықтан. Елімізде бұл мақсатта ауқымды реформалар атқарылып та келеді және олар жеміссіз емес. Халықтың қандай да бір құқықтық келіспеушілікті сот арқылы шешкенді құп көретіндігі соның айғағы болса керек.
Жасыратыны жоқ, Түркістан облысы оның орталығы Түркістан қаласы тұрғындарының арасында да заңды толық біле бермеуі салдарынан түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Яғни, заң аясында білімінің аздығы көбінесе өкінішті жағдайларға кездестіреді. Осы тұрғыдан аз-кем түсінік беріп өтуді жөн көрдік.
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Кадр резерві жөніндегі комиссия Жоғарғы Сот судьяларының және соттар иерархиясы бойынша бір-біріне бағынышты басқа да адамдардың қатарынан құрылатыны белгілі. Бұл комиссияға мүшелік маңызды шешімдер қабылдауда тәуелсіздікті көздейді. Алайда егер онда әрекеттегі судьялар қатыстырылса, қандай тәуелсіздік туралы айтуға болады? Басқаша айтқанда бұл бос судья лауазымына үміткерлерді таңдау кезінде комиссияның объективті болмауының себептерінің бірі. Көбінесе кәсіби қасиеттері бар, шынымен лайықты судьяларға жол жабылып қалып жатады. Бұл мәселені комиссия құрамын отставкадағы судьяларға ауыстыру арқылы қисынды әрі оңай шешуге болады. Отставкадағы судьялар конъюнктураға тәуелді емес, үлкен кәсіби және адами тәжірибеге ие, сондай-ақ барынша көмек көрсету мүмкіндігін ынта-жігермен қабылдайды.
Сондай-ақ Жоғарғы Соттың жанында судьяның жұмысына баға беретін Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Яғни Жоғарғы Сот осылайша судьяға өзінің ықпалын қамтамасыз етеді, бұл Конституцияның 77-бабының 1-тармағында бекітілген судьялардың тәуелсіздігі қағидатын бұзады. Егер сот төрелігінің сапасы жөніндегі мұндай комиссия қажет болса, сот органы басшылығынан және жұмыс істеп жүрген судьялардан тәуелсіз бола отырып, оларға ешқандай тікелей ықпал етпей, мұндай бағалауды кім бере алады? «Судьялар одағы» немесе «Жоғарғы Соттың отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігі секілді ұйымдар сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамын неғұрлым тиімді қалыптастыру мәселесінде қызмет ете алар еді. Өйткені бұл қоғамдық ұйымдар сот төрелігінің сапасына шынайы объективті баға береді.
Жоғарғы Сот пен судьялар өздерінің тікелей міндеттері – сот төрелігін жүзеге асырумен айналысуы тиіс. Олар Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына беруге болатын әкімшілік функцияларға қатыспауы тиіс. Осы ойды растау үшін Еуропалық комиссияның Польшаның Жоғарғы Сотының тәртіптік палатасын құрғаны үшін 100 миллион еуро айыппұл салу туралы жақында қабылдаған шешімін мысалға келтіруге болады. Еуропалық комиссияның пікірінше, судьялардың кәсіби қызметі туралы шешім қабылдай алатын тәртіптік палатаның қызметі олардың тәуелсіздігі мен бейтараптығына қауіп төндіреді.
Сондай-ақ судьялардың сыныптылық институтын қайта жандандыру және сыныптарды беру мәселесін сот төрелігінің сапасы жөніндегі жаңартылған комиссияның қарауына беру қажет деп санаймыз. Сыныптарды енгізу сот төрелігін іске асыру кезінде судьялардың уәждемесін арттыруға және берілген сыныпқа сүйене отырып, олардың білім деңгейін айқындауға мүмкіндік береді.
Сот, құқық қорғау жүйелерін жаңғыртудағы біз тізбелеп келтіріп отырған бұл мәселелер оларды реформалауда ескерілетін жайттардың аз бөлігі ғана. Ал Жаңа Қазақстанды құру ең алдымен оның барлық институттарын жүйелі, сапалы, ауқымды реформалауды көздейді.