АЗАМАТТАР ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫНА ЖОЛ БЕРМЕУ, СОТТА АЙЫПТАУДЫ ҚОЛДАУ СЫНДЫ МІНДЕТТЕРДІ ҚАЛАЙ ОРЫНДАУДА?

300 көрілім

Түркістан қаласы бойынша жергілікті прокуратура органдары өздеріне жүктелген – айғақтарға тәуелсіз баға беру, азамат­тар құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сотта айыптауды қолдау сынды мін­деттерді қалай орындауда? Бұл сұраққа жауапты кейінге қалдырып, алдымен ел Президентінің осы салаға қатысты пікірлерін келтіріп өтсек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқы­на Жолдауына сәйкес құқық қорғау органдарының қылмыстық қудалау қыз­метін модернизациялау басталған болатын. «Құқық қорғау жүйесінің жұмысында ескіліктің сарыны жойылмағандықтан, тек айыптау жағы басым. Азаматтардың негізсіз қылмыстық қудалауға түскен кездері болды. Қылмысты анықтаған жедел уәкіл мен процесуалды шешім шығаратын тергеуші бір басшыға бағынады. Ал оған қылмысты жылдам ашып, сотқа жіберу маңызды. Алайда көрсеткіш қуамыз деп, азаматтардың құқығын таптап, бостандығын шектемеу керек. Прокурорлық қадағалау болса, ылғи кеш іске асады. Олар іспен сот алдында ғана танысады» – деген Тоқаев бұл саланы модернизациялау керектігін тағы айтқан болатын.

Президент қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету керектігіне назар аударды. Оны жиі түзету мен өзгеріс енгізу құқықты қолдануға кері ықпал етеді. Біркелкі тергеу және сот практикасын жасауға мүмкіндік бермейді. Ал полиция халыққа жақын болуы тиіс. Әсіресе, учаскелік инспектор тұрғындармен ашық диалог құра білуі керек. Осы орайда кадр сапасын арттыру маңызды екенін де осы Жолдауында ерекше айтып кетті. Президенттің пікірінше, учаскелік полиция азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек. Азаматтардың құқығын белсенді түрде қорғауы тиіс.

Ендеше Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбек жаңа модельге сәйкес өткен жылдан бастап прокурор іс бойынша адамның құқығы мен бостандығын қозғайтын барлық негізгі процестік ше­шімді келісіп, бекітетінін айтады. Түркістан қаласы прокуратурасының қадағалауына жататын қалалық полиция басқармасында тергеу аппараты 35 қызметкерден тұрады. Олардың жұмысын қадағалауды 6 прокурор жүзеге асыра­ды. «Жаңа мо­дельге сәй­кес жұмыс бастал­ға­лы 1 жыл 5 айда поли­ция басқармасы жал­пы 3 428 ше­шім қабылдаса, прокурор­лар оның 178-ін келісуден, яғни бекітуден бас тарт­қан, 3 262-ін бекіткен. Осылайша, азамат­тар­­дың тағдырына қатысты барлық ше­шім­дер прокурор­дың сүзгісінен өтіп, ол негіз­сіз деп тапса, келісілмей, тергеушіге кері қайтарылады. Жалпы, жаңа модель тергеуші мен прокурорды тығыз қа­рым-қатынаста жұ­мыс істеуге ықпал етіп, тер­геудің сапасын да, жеделдігін де арт­тырды. Ең маңызды нәтижесі – адам­дардың конституциялық құқығын бұзу­ға жол берілмеді. Оған дәлел – осы мер­зімде қала прокуратурасы­мен сотқа жібер­ген істер бойынша бірде-бір ақтау үкімі шығарылмаған. Бұл бір жағынан айыптау үрдісі азаюының белгісі», – дейді Жаннұр Асқарбекұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы