Бүгін алтыншы шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихаттың кезекті елу бесінші сессиясы өтті. Жиынға халық қалаулылары, қала әкімінің орынбасары Жандос Баирханов, дербес бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің атқарған жұмыстары, ішкі істер басқармасы ЖПҚ-нің тындырымды тірліктері сынды түрлі қоғамдық маңызға ие салалар сараланды. Сондай-ақ, бірқатар мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізіліп, денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейі назардан тыс қалмады.

Күн тәртібін бекіту туралы шешімді қабылдауды дауысқа салған сессия төрағасы Сүлеймен Арыстанов тиісті сала мамандарына бірлесіп жұмыс жасай беретіндіктерін жеткізді. Депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапқан мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаевтың ұсынысымен кезекті сессиясының төрағасы болып Мәди Аманжол бекітілді.

Тұрғындардың мәдениеттілігін арттыру, ой-санамызды сергіту мақсатында депутат Алтынбек Кенжалиев театрға жиі барып тұру керектігін айтты. Оның сөзінше, облыс орталығының кез келген тұрғынына рухани азық сыйлар Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры өнерсүйер көрермен үшін тағылымы мол қойылымдарын сахналауды жалғастырып келеді.
«Түркістан-ақпарат».