ШЫНЫ ПУНКТ ШЫНАЙЫЛЫҚҚА БАСТАЙДЫ

1  571 көрілім

Түркістанның таңы тағыда жағымды жаңалықпен атты. Бүгін Әмір Темір көшесіндегі облыстық әкімдік ғимаратының жанынан жаңа үлгідегі полициялық тірек пункті ашылды. Жаңа бекеттің лентасын облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков қиды.


«Елбасымен Президенттің және облыс әкімдігінің тапсырмасы болған – полиция қызметін халыққа жақындату. Тәртіп сақшылардың қызметі ашық әрі айқын болуы тиіс. Осы мақсатта полиция бекеттері салынуда. Кез келген қала тұрғыны мен қонақтары мұнда емін-еркін кіріп, полицияға талап, ұсыныс, тілектерін білдіре алады. Қазіргі таңда облыс орталығынан басталған бастама алдағы уақытта өңірлерде де жалғасын табады», – деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.


Бұған дейін мұндай тірек пункті аталмыш көшедегі аялдаманың жанында қойылған болатын. Бұл жолғы пирамида пішіндес ғимараттың ерекшелігі іші кітаптармен толыққан. Келуші қала тұрғыны мен туристері құқық қорғау саласының қызметкерлерімен тілдескеннен бөлек, зейінін ашып, рухани байлыққа да қол жеткізе алады. Іске қосылған нысан байланыстың барлық түрімен қамтамасыз етіледі. Жазда салқын, қыста жылы болмақ. Айта кетейік, қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің тапсырысымен жасалған жаңа тірек пункті шыныдан жасалған. Бұл айналаны толық бақылауға мүмкіндік беріп, ашық кеңселерде халық пен тәртіп сақшыларының арасында сенімді байланыстың нығаюына мүмкіндік бермек.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы