Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне келіп түскен шағым негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексеру жұмыстарының нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыратын, дәрілік заттар айналымы саласындағы заң бұзушылықтарға жол берілгендігі анықталған. Бұл жөнінде осы департаменттің ұйымдастыруымен өткен баспасөз конференциясында кеңінен айтылды.
Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар мемлекеттік реестірінде тіркелмеген, сапасы заңнамада білгіленген тәртіппен қауіпсіздігі және сапасы туралы қорытындымен расталмаған және қаптамасы заңнама талаптарына сәйкес келмейтін «Мизопростол таблетки №3» дәрілік заты, серия 180501, жарамдылық мерзімі 02.05.2020ж. саны 1 қорапша дәрілік заттарды сақтау бөлмесінде сақталғандығы анықталды. Дәрілік затты өндірушісі Қытай республикасы «Хубэй Гэдянь Жэньфу Фармацевтический Ко.» Бұл өз кезегінде құқық-нормативтік талабын бұзу болып табылады.
Кодекстің 75 бабы 1 тармағы бойынша дәрілік заттар тұтынушылық қаптамасына қазақ және орыс тілдерінде жақсы оқылатын қаріппен басылған таңбасымен, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығымен (қосымша парақ) айналысқа түсуге тиіс. «Мизопростол» дәрілік затының қаптамасында қазақ (мемлекеттік тілде) тілінде жазылған жазбалар мүлдем жоқ.
ҚР ДС жӘДМ 16.04.2015 жылғы «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды таңбалау қағидаларын бекіту туралы» №227 бұйрығының 2 тарауы 9 тармағы 19 тармақшасы бойынша «ҚР-ДЗ-« белгісі түрінде дәрілік заттың тіркеу нөмірі болуы қажет. Ал, аталған дәрілік заттың Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар мемлекеттік реестірінде тіркелгендігін және Қазақстан Республикасының аумағында медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етілгендігін, айқындайтын «ҚР-ДЗ-», белгісі түрінде тіркелгендігі туралы мәлімет жоқтығы анықталды.
Тексеру кезінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 05 шілдедегі №235-Ү кодексінің 426 бабы 3 бөлігі негізінде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, тиісті әкімшілік шара көру мақсатында аудандық әкімшілік сотына жолданды.
Бұл дәріні жүктілікті болдырмау мақсатында қолданған кезде қан кету салдарынан жас қыз одан кейін өмірбақи құрсақ көтере алмайтын болады. Мизопростол дәрілік заты елімізде тіркелмеген. Денсаулыққа өте зиянды дәрі екенін халыққа түсіндіру мақсатында баспасөз конференциясын өткізіп отырмыз,-деді Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті фармацевтикалық қызметін бақылау бойынша басшы орынбасары Даулет Тагибаев.
Бұдан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға конференция ұйымдастырушылары тұщымды жауаптар берді.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».