ӘР СЕНБІ ТҮРКІСТАНДА ТАЗАЛЫҚ КҮНІ

1  969 көрілім

Таза қала – Түркістан. Рухани шаһардың тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында әр апта сайын жалпықалалық сенбілік жұмыстары жалғасуда. Өздеріңізге мәлім қазіргі таңда облыс орталығы 16 секторға бөлінген болатын. Оған әр қала, аудандар және басқарма мен бөлімдер рет-ретімен жіктеліп, шаһардың гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Бүгін осы мақсатта жүзеге асқан сенбілікті Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов арнайы аралады. Сегізінші және он алтыншы секторлардағы тазалық жұмыстарымен танысып, акцияға қатысушыларға алғыс айтып, қоқыс тазалап, шөп шауып көмек қолын созды.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 8 секторға Төлеби ауданы мен облыстық жолаушылар көлігі басқармасы және  қалалық жолаушылар көлігі бөлімі бекітілген. Біз тек сенбіде ғана емес, басқа жұмыс күндері де өзімізге берілген аумақты тазалап жатырмыз. Бүгінгі сенбіні қосқанда қатарынан бес күн білек сыбана тазалық жұмыстарына атсалыстық. Ілкімді іске 50 қызметкер мен 6 техника жұмылдырылды. Батыс Қытай – Батыс Еуропа магистралды жолының жиегіндегі қосалқы жол бойын қоқыс пен арамшөптен арылтып жатырмыз. Толықтай тазаланғаннан кейін көшеттер отырғызуға арықтар қазылып, талдар егілетін болады», – деді Төлеби ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Жарасов.

  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші тазалық акциясының арқасында қаламыз тағыда біршама күл-қоқыстан құтылды. Жиналған тұрмыстық қалдықтар мен орылған шөптер қала сыртындағы тиісті орындарға төгілді.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы