Бүгін Түркістандағы “Арбат” алаңында “Мейірім шуағы” мүмкіндігі шексіз жандарға арналған мерекелік іс-шара өтті. Байқауға Кентау, Отырар, Созақ, Бәйдібек сынды аудан-қалалардан келген 75 қатысушы бақ сынады.

Басты мақсат – мүмкіндігі шексіз дарынды жастарды қолдау, Отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру. Өнерлі өрендер ән, би, колөнер көрмесі, асфальтқа сурет салу, көркем сөз оқу сайыстары бойынша сынға түсті.


Қамкөңіл балалардың қуанышын көруге облыс әкімінің орынбасары С. Қалқаманов, қалалық мәслихат депутаты А.Тилепова арнайы қатысты. Шаһар басшысы Р. Аюпов пен мәслихат хатшысы Ғ.Сәрсенбаев барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Қала басшысы тұрғындарды көрмеге қойылған бұйымдарды сатып алу арқылы кәсіпкерлікті дамытуға, мүмкіндігі шексіз жандарды қолдауға шақырды.

Қоларбаға таңылғанымен, өмірсүйгіш Н.Василев, Кентау қаласынан келген. Суретші “Ел тыныштығы мызғымасын деген ниетте Тәуелсіз елімнің картасын салдым” дейді. Ал, Созақ ауданы, Қарағұр ауылының тумасы А. Аймахан шырқаған “Анам мен әкем” әні көрермен көңіліне ерекше әсер етті.

Мерекелік кеш эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Түркістандық көрерменнің көңілін көтерген жезтаңдай әнші Қ.Рахым бүлдіршіндермен естелік суретке түсті.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
“Түркістан”.
Суреттерді түсірген: Антон ЛЕЩЕНКО.