ШАҺАР БАСШЫСЫ «САУРАН», «ЯССЫ» СЕКТОРЛАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

761 көрілім

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінде  «Сауран» секторының тұрғындарымен кездесті. Сөз басында шаһар басшысы өткен кездесулерде айтылған мәселелер мен нәтижелерге тоқталып, шағын баяндама жасады. Ал көшпелі кездесудің негізгі бөлімі халықпен диалогқа ұласып, еркін алаңда бірнеше ұсыныстар мен өтініштер айтылды. Атап айтсақ, сұрақ-жауап бөлімінде сектор аумағындағы елді мекендердегі тазалық, электр бағаналарын ауыстыру, көшелерге асфальт төсеу, қалалық маршруттар бағытын ретке келтіру секілді бірқатар мәселелер қозғалды.

– Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады. Сол себепті түсіністікпен, сабырмен қарауға шақырамын. Жалпы көтерілген барлық мәселені алдағы уақытта  міндетті түрде басшылыққа ала отырып, орындауға тырысатын боламыз. Әсіресе, қаламыздағы электр бағаналардың 70%-ы ескірген. Апатты жағдайда болған электр бағаналар болса, оларды жедел ауыстыруға тапсырма беремін – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

         Көшпелі кездесу соңында қала басшысы «Сауран» секторының тұрғындарын жеке қабылдап, азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады. Осыған орай, жауапты мамандарға мәселелерді оңтайлы шешуді жүктеді.

         Бұдан әрі шаһар басшысы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде «Яссы» алқабының тұрғындарымен кездесті. Баяндама барысында әкім өткен тоқсанда айтылған өтініштер бойынша орындалмаған жұмыстар келер жылдар еншісіне қалатынын баса айтты. Сондай-ақ, атқарылып жатқан жұмыстар легімен таныстырды.

– Қала бойынша бірінші кезектегі мәселелер – көшелеріміз. Атап айтсақ, қалада 875 шақырымды құрайтын 845 көше болса, соның 30%-ы ғана қанағаттанарлық жағдайда. Бұл бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Топырақ жолдарға тас төсеу, кәріз жүйелерін жұмыстарын жүргізу, ауыз су мәселелері бойынша бірқатар жобалар қолға алынды. Қоғамдық көліктер де жаңартылуда. Толығырақ айтсақ, алдағы жылдың соңына дейін қаланы 100% жаңа көліктермен қамтамасыз ету жоспарда бар. Бүгінгі күнге дейін 78 көлік жаңартылса, жыл соңына қарай тағы 46 көлік келеді деп күтілуде – деді шаһар басшысы. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейінгі кездесуде «Яссы» тұрғындар алқабында 47 мәселе көтеріліп, олардың көпшілігі оң шешімін тапқан.

«Яссы» секторындағы қала әкімімен кездесу соңы әдеттегідей жеке қабылдауға жалғасып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерге жауап алды.   

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы