ТҮРКІСТАНДА 320 СЕМЕЙ СЫНАҚ АЛАҢЫ ЗАРДАБЫН ТАРТЫП ОТЫРҒАНДАР БАР

309 көрілім

Түркістан облыс мәртебесін алғалы төрт жылда мұнда халықаралық деңгейдегі небір бас қосулар өткізілуде. Соның бірі де бірегейі Семей сынақ алаңының жабылуына қатысқан түркістандықтардың мерейін үстем ету мәселесі халықаралық деңгейде көтеруге сұранып-ақ тұр.

Себебі, Семей сынақ алаңының зардабы ғасырларға кетеді.Қазақстанда соңғы ядролық сынақ 1989 жылы 19-қарашада жасалды.Содан жыл аяғына дейін тырс етпеді. Келесі жылдың бірінші тоқсанында да тылсым тыныштық сақталды. Әлем халқы ғаламшардағы ядролық сынақты тұңғыш рет ядролық сынаққа қарсы қоғамдық қозғалыстың тоқтатқандығына сенді.

–Мен 1977-1979 жылдары Кеңес әскері құрамында Семей сынақ алаңында болдым. Біздің міндетіміз сынақ өткізетін шахталарды әзірлеп, соңынан орыс әскерлері сынақ өткізетін. Бастапқыда елді мекендерге ондаған шақырым жерде өткізсе, кейін келе жүздеген шақырымға алыстады. Алайда, не дегемен де желмен, ауамен келген дүмпулер, жауын салдарынан болған зардаптар күннен –күнге үдей берді. Бір ғана Түркістан облысында 320 семей полигоны зардабын шеккендер бар. Олардың дені түрлі айықпас ауруларға душар болған. Менің өзім де екі рет инсульт алдым,-дейді Семей сынағының куәсі Мырзахмет Әбидинов.

Естеріңізде болар, Қазақстан президентінің жарлығымен Семей сынақ алаңы жабылған соң, ядролық сынақтарға күрес толқыны күшейіп Жаңа Жер (Ресей), Невада (АҚШ), Муруроа (Канада, Франция), Лобнор (Қытай) сынақ алаңдары жабылды. Сонау 1984 жылғы әлем жазушыларының Софиядағы кездесуінде сөз сөйлеген Олжас Сүлейменов бейнелі түрде: «Алғашқы атом жарылысы адамзаттың қауіпті құлдырауының белгісі болды. Бұл бізге соңғы ядролық жарылыс ұлы Адам тұқымының рухани азғындауына әкелетінін ескертеді»,-деп мәлімдеді.

Расында шын мәнінде ғылым мен техникада ұлы жетістіктерге жеткізген жиырмасыншы ғасырда адамзаттың рухани дамуы тежелді. Көптеген жылдар бұрын яролық қару пайда болған бойда, ол әлемнің зорлықшыл күш құралына айналып шыға келді. Материалдық қуат мемлекетаралық – аумақтық, рухани, экономикалық қатынастарды шешудегі басты тегеурінге теңелді. Алайда, соңғы қос ғасырдың тоғысында сөз сардарларының соғыс пен бейбітшілік мәселесін шешудегі замандастарын жалпығаламшарлық ақыл тоқтатуға шақырған үндері милитаристердің хорларынан зор шықса, солардың ішінде Олжас Сүлейменовтің қаһарлы дауысы елден ерекшеленді. Нақ ол ғана тоталитарлық жүйенің қылышынан қаны тамып тұрған кезінде «Невада –Семей» қозғалысын құрды. Сөйтіп, қазақ жерінде орын алған трагедияға тұңғыш рет кеңес халқының назарын аударды.

– Мен ол кезде біздің бір ғана сынақ алаңын жапқанымызды айттым,-деп есіне алады Олжас Омарұлы.- Ал, шын мәнінде сынақ алаңдары – бесеу. Қозғалысымызды әрі қарай жалғастырайық. Сол арқылы ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі Келісімге қол жеткіземіз. Содан кейін өзіміз Нобел комитетіне марапаттау жөніндегі ұсыныспен шығамыз. Конференцияда бұл уәжге басқалардан қатты қызу қол шапалақтаған американдық демалыстағы генерал осы ядролық қаруға қарсы ұйымдастырылған конференциялар мен жиналыстардың қатысушысы ретінде өзін ұсынып, күзде Норвегияға марапат алуға барып қайтты.

– Иә, үздіксіз күрес нәтижесінде біз барлық сынақ алаңдарындағы жарылысты тоқтаттық. Біз өзіміздің күресіміздің түпкі мақсатына сол кезде сәл ғана жетпей қал-дық. Ол- Ядролық қаруға толық тыйым салу туралы Келісім еді»,-дейді Олжас Омарұлы.

Өткен жылы тамыздың 29-ында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Семей сынақ алаңының жабылуының 30- жылдығына орай ядролық сынақ алаңы маңында әскери қызметін атқарған түркістандықтарды марапаттады.

Қала әкімі Түркістан қаласының дамуына сүбелі үлес қосқан Семей полигоны ардагерлері Асан Жайынбаевқа «Семей полигонының жабылғанына 30-жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгісін Бекмұрза Ордабаевқа табыс етті. Содан бері Семей сынақ алаңына қатысты ешқандай мәдени шара өткізілген жоқ. Тым-тырыс. Осыдан отыз жыл бұрын Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен 1949 жылдан бері қазақ топырағында 450-ден астам жер үсті жер асты ядролық сынақ өткізілген полигон өз жұмысын тоқтатты.

–Біздің мәртебемізді ҰОС ардагерлерімен теңестірді. Алайда, Қазақстанның ірі қалаларында соғыс ардагерлерімен бірдей етіп, республикалық дәрежедегі шипажайларға баруға мүмкіндіктер беріп отыр. Алайда, Түркістан қаласында қалалық жолаушылар көлігінде тегін жүру секілді жеңілдіктер жасалуы керек еді. Бірақ күні бүгінге дейін бұл мәселе орындалмай келеді», – деп қынжылады Семей сынақ алаңының куәгері Мырзахмет Әбидинов.

Түркістан облысы ядролық сынақ полигоны ардагерлері мен мүгедектері ҚБ төрағасы Құралтай Салықбаевтың айтуынша, сол жылдары Семей өңірінде әскери қызмет атқарған түркістандықтардың саны 579 болса, олардың 320-сы қоғамдық бірлестік мүшелері. Олардың дәрежесі ҰОС ардагерлерімен теңестірілген соң, барлық жеңілдіктер қарастырылуда. Бірақ ол аз. Себебі, Семей сынақ алаңының зардабы сан ғасырларға кететіндігін ойласақ, бұл қозғалыс осымен тоқтап қалмауы тиіс.

Антиядролық қозғалыс тарихшыларға бірқатар әлем тарихына маңызы зор мағлұматтар қосты. Осы фактілер біраздан бері мектеп оқулықтарына сұранып ақ тұр. Жастарды өршіл рухта тәрбиелеп, ғаламдық ауқымдағы қоғамдық сананы жаңғыртып,сілкіндірген мұндай фактілермен біз мақтануымыз керек.

Ескендір ЕРТАЙ, «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы