Шаға ауылдық округінің әкімі Әбдімүтәліп Нарымбетовтың айтуынша, соңғы жылдары тәжтажал індетінен шаруашылығы шатқаяқтаған көптеген кәсіпорындар бірікпесе болмайтындығын жақсы түсініп, өздерінің салалас шаруашылықтарымен кооператив болып бірігуде. Бұл бір жағынан бәсекелес ортаға шығатындай сапалы өнім жасауға да дем береді.
Қазіргі таңда Шаға ауылдық округінде ауыл шаруашылық жері 63491 гектарды құрайды. Оның ішінде суармалысы 5230 гектар болса, жайылымдық жер 37845 гектар. Шабындық жер көлемі 479 гектар. Шаға қала іргесінде болғандықтан аз ғана жерді барынша ұқсата пайдалануға мән берілген. Мұнда 360 гектарға бидай егілді. 650 гектарға жүгері дақылы себілді. Мал азығы мақсатындағы сүрлемдік жүгері 300 гектарға себілді. 390 гектарға мақта егілсе, бақшалық дақылдар 150 гектарға егілді. Жоңышқа 2324 гектарға жоңышқа егіледі.
Ауылдық округте төрт ауылшаруашылық өндірістік копперативі құрылған. «Түркістан агро ХХI» біріккен шаруашылығында 1044 жері болса, 80 шаруашылық бірігіп қызмет атқаруда. «Агрожетістік 2020» біріккен шаруашылығында 120 кәсіпорын бірігіп, 1332 гектар жерді игеріп отыр. «Ордабасы құс» ЖШС «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативі 70 шаруашылықтан құрылып, 710 гектарға иелік етуде. «Ақын Молда Мұса» ЖШС-да 136 шаруашылықта 2144 гектар жері бар.