Түркістан қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінде «Зорлық-зомбылықсыз бақытты отбасы» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Облыстық Отбасы академиясы қоғамдық қорының «Өнеге» жобасы аясында ұйымдастырылған кездесу тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді. Шара барысында аталмыш орта оқу орнының жоғары сынып оқушыларына үйдегі тәлім-тәрбиенің маңыздылығы тереңінен түсіндірілді.

«Республика көлемінде маусым айынан бастап отбасы құндылығын сақтау бойынша жұмыстар бастау алды. Бұл мəселе бүгінде 9 өңірде қамтылуда. Жоба бойынша 27 тренинг, 3 шеберлік сағаты өткізіледі. Ай сайын 25 отбасыға кеңес береміз. Қиын жағдайға түскен жанұяларға қол ұшын созып, отбасы құндылықтарын түсіндіреміз. Қазірдің өзінде 10 отбасымен жұмыс жасап, жанұя болып кетуіне көмек бердік», – деді Түркістан облыстық əйелдер кеңесінің төрайымы Б.Жандосова.



Кездесу барысында психолог-тренер Ш.Абдирахманова зорлық-зомбылықтың түрлеріне тоқталып, тренингке қатысушыларға алдымен амандасудың алғы шарттарын үйретті. Топқа бөлінгенген мектеп жасындағы балалар психологиялық жəне логикалық сұрақтарға жауап берді. Өз ойларын еркін жеткізіп, пікір алмасты.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».