Кеше Түркістан қаласында орналасқан «ROYAL GRAND HOTEL» қонақ үйі өртке оранған болатын. Бой көтергеніне енді жыл толған зәулім ғимараттың тілсіз жауға тап болуына қонақ үй аумағында газ цистернасын толтыру барысында көгілдір отынды тасымалдайтын көліктің жарылуы себеп болған.

Қызыл жалын 1400 шаршы метрді шарпыған. Өрт жайлы алғашқы ақпар 18:05 келіп түскен. Екі сағат дегенде төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен жалынның таралуы 20:00-де басылып, 20:15-те тілсіз жау толығымен тоқтатылған.


Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, өртті ауыздықтауға 17 техника мен 75 адам жұмылдырылған. Қолда бар мәліметке сүйенсек қонақ үйде орын алған өрт салдарынан барлығы 11 адам зардап шеккен. 6 өрт сөндіру қызметкері медициналық көмекке жүгінсе, 3 полиция қызметкері мен 2 қала тұрғынына медициналық жәрдем көрсетілген. Қалалық орталық ауруханаға 5 зардап шегуші жеткізіліп, оның төртеуі жатқызылып, бір азамат үйіне қайтарылған. Сондай-ақ жарақат бекетіне 3 адам тасымалданған. Қазіргі таңда Түркістан облысының полицейлері болған оқиғаның толық мән-жайын анықтауға кірісіп, сараптамалар тағайындалды. Қаза болғандар анықталмаған.
Айта кетейік, қонақ үй ішінде мейманхана, асхана орналасқан.
«Түркістан ақпарат».