“Жас келсе, іске” деген қазақ қай кезеңде болмасын жастарға үлкен үміт артып, игі істің бастауы ретінде қараған. Үш жүздің басын қосып, күллі қазақ халқын біріктірген Абылай хан “Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапыда қалып жүрмелік” деген сөзінің өзінде қазіргі Жаңа Қазақстанның жастарын білімге жетелеп тұрғандай. Олардың білімді, білікті, адал әрі әрбір іске жауапты болуы аса маңызды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” атты жолдауында: “Біз адамдардың энергиясына, таланты мен еңбекқорлығына арқа сүйейміз. Әрбір адамзаттың өзін-өзі дамытып, өз ойын жүзеге асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Тек осылай ғана біз халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз” деп атап өткен болатын.
Бүгінгі күні Зерлі Зерендіде”AMANAT” жастар қанатының кезектен тыс VI съезі өтуде. Төрт күнге жоспарланған шараға еліміздің әр өңірінен 350 делегат қатысуда. Ашық табиғат аясында ұйымдастырылған “Net Working” форматындағы шараның мақсат-міндеті партиядағы жастар қанатының жұмысына тың серпін беретін өзгерістер мен үлкен бетбұрысқа бағытталғандығы көрініп тұр. Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, съезд елдің түкпір-түкпірінен келген жастардың белсенділігі мен қызметін жақсартып қана қоймай, мемлекеттің дамуына да келелі әлеуметтік, мәдени және экономикалық салаларда өз ұсыныстары мен идеяларын ұсынуға бағытталып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс VI съезіне қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, ел жастарына арнайы үндеу жолдады. Өз үндеуінде Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, болашақтың кілті цифрлық технология мен инновацияда. Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуы тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы керек екенін айта келіп, Президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді. Үшіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев: “Туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын” ерекше атап өтті.
Ел жастарға үлкен сеніммен қарайды. Бүгінгі басталған съезден кейін жаңа бағдарламалар қабылданып, түрлі бағытта жұмыстардың жалғасатынына, біршама тың жаңалықтардың болатынына сенім мол.
“Amanat” партиясы Сауран аудандық филиалының атқарушы хатшысы С.Асылбеков