БАЛАЛАРДЫ ҚАТТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН

488 көрілім

Ұлағатты ұстаз Ақмарал Утемалиева еңбек жолын 2000 жылы №31 мектеп-балабақшасында тәрбиеші болып бастаған. Ал 2009 оқу жылынан бастап №23 жалпы орта мектебінде, қазіргі Ж.Тәшенов атындағы IT-мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келеді.

Ұстаздық жолындағы алғашқы жетістіктері «Ең үздік сынып жетекші», «Ең үздік мұғалім» (2010 жылы) сынды мектепшілік номинациялардан бастау алды. 2011-2012 оқу жылдарында Түркістан қаласының білім бөлімінің бастығы Ү.Сапаровадан «Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбы аясында өткізілген білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық оқуында І орын иегері атанып, «Нәтижеге бағытталған құзыретті білім беруді ұйымдастыру» тақырыбындағы облыстық семинарда жоғары дәрежеде білімділігін танытқаны үшін марапатталды.

2014 жылы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі игілікті істері үшін және ұлағатты ұстаздық жолындағы шығармашылық ізденістері мен шеберлігін танытқаны үшін облыстық Білім басқармасының басшысы А.Елшиевадан құрмет грамотасымен марапатталған. 2015 жылы оқушысы «Самұрық» математикалық зияткерлік сайысында І орын алып, «Жас ғалым – жастар» қоғамдық бірлестік төрағасы Ж.Төлтебай дипломмен және медальмен марапатталды. 2016 жылы Астана қаласы «ZIAT» Ғылыми-әдістемелік орталығымен ұйымдастырылған сынып/топ жетекшілеріне арналған қашықтықтан өткізілген 3 республикалық «Үлгілі сынып/топ сағаты» байқауында «Шығармашыл сынып/топ жетекшісі» номинациясы бойынша 2-орынға ие болғаны үшін «ZIAT» ҒӘО жетекшісі Б.Жуманова тарапынан марапатталды.

Ақмаралдың оқушыларының жетістіктері де аз емес. Облыс оқушылары арасында өткен «Алтын ұрпақ» зияткерлік олимпиадасында оқушысы Балнұр Анжаева 1 орынға ие болса, «Зерде» байқауында Құралай Рахымбердиева 2 дәрежемен марапатталды. 2020 жылы Рухани жаңғыру аясында өткен сайысында оқушысы Кәусар Жұман республикалық «Самұрық» математикалық зияткерлік олимпиадасының ІІІ орын иегері дипломымен марапатталды. «ALTYN QYRAN -ЕРЕКШЕ ДАРЫН ИЕСІ», «Шамшырақ, «Бәйтерек» зияткерлік олимпиадаларына, «Үздік бастауыш сынып оқушысы» қашықтық олимпиадасына қатысқан оқушылары жүлдемен оралып, марапатталып жүр. Абайдың 175 жылдығына орай өткен «Абай оқулары», М.Мақатаевтың 90 жылдығы мерейтойы қарсаңында өткен «Қара өлеңнің құлагері» атты республикалық өнер байқауына шәкірт дайындағаны үшін және «ЖАС МАТЕМАТИК – YOUNG MATHEMATICIAN» І республикалық зияткерлік олимпиадасына оқушылары белсене қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды. Жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін дамыту, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген «Ең білімді педагог – 2020» ІV республикалық пән олимпиадасына белсене қатысып жақсы нәтиже көрсеткені үшін «Білім шыңы – Ғылым сыры» журналының бас редакторынан алғыс хатпен марапатталған.

Ақмарал Жолдасбекқызы 22 жыл ұстаздық жолында орыс тілі мен қазақ тілінде қатар сабақ беріп келеді. Себебі, ол бастауыш оқыту және орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі біліктілігін қатар алған, орыс мектебін бітірген.

«Дегенмен, өзіме бастауыш сынып оқушыларына сабақ бергенім ұнайды. Бастауыш сынып оқушылары кішкентай, өте сезімтал, кіршіксіз сәби көңіл, көп нәрсені білгісі келіп тұрады ғой. Кейде балалармен бала да болып кететін күндеріміз болады. Бала кезімізде аға-әпкелерімізбен бірге ойнайтынбыз. «Өскенде кім боламыз деп бір-бірімізге арманымызды айтқанда мен ылғи да: балабақшада немесе мектепте балаларға сабақ беремін» деуші едім. Қарап отырсам, расында, бала күнгі арманым орындалғандай.

Кішкентай кезінде балалар періштедей пәк болады. Балаларды қатты жақсы көремін. Өмірімнің көп бөлігі балалармен бірге өтуде. Күні бойы мектептемін, балалардың білімі мен тәрбиесіне қатты көңіл бөлемін. Оны әрине, ұстаздық парызым деп санаймын», – дейді Ақмарал бізбен әңгімесінде.

– Жақсы мұғалім, білікті маман болудың сыры неде? дегенімізде. Ол: «Ұстаздық жолды таңдағаннан кейін, жаман болуға қақымыз жоқ, өйткені біз оқушыға үлгі-өнеге боламыз. Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Жас ғалым – 2022» атты республикалық мектеп оқушылары арасында өткен ғылыми жоба байқауына өз оқушыларымды белсенді қатыстырып, білім саласының дамуына қосқан үлесім үшін алғыс хатпен, «Ұлы дала баласы» республикалық пәндік білім сайысына «Алтын қыран – ерекше дарын иесі», «Самұрық», зияткерлік олимпиадаларына үздік шәкірттерді дайындағаным үшін де алғыс хатпен марапатталдым. Жетістікке жету оңай емес. Көп ізденіспен, еңбекпен келеді құрмет деген. «Жақсы мұғалім маған бәрінен де қымбат. Өйткені ол – мектептің жүрегі» деген Ы.Алтынсариннен қалған сара сөз бар. Иә, нағыз ұстаз деп бала жүрегіне жол таба білген педагогті айтамыз. Жақсы мұғалім болу үшін ең бастысы адами қасиеттерімізді жоғалтпауымыз ләзім. Көркем мінез, кішіпейілділік, өзара сыйластықтың болуы. Сонымен бірге, ұстазға төзімділік пен шыдамдылық таныта білу де зор қасиет деп білемін.

Мұғалім өз ісінің шебері болса, бәсекеге қабілетті, жан-жақты озық ұстаз болса ол ұжымда да, мектепте де беделі болады. Үкімет педагог мәртебесін көтеруде біраз қадамдар жасады. Мұғалімнің айлығын көтерді. Бірақ, мұнымен мектепте мәселе жоқ деуге болмайды. Жалақы жоғары болған сайын талап та күшейді, жүктеме көп», – деп жауап қатты.

Біз жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде талмай-тынбай еңбектеніп жүрген Ақмарал Жолдасбекқызының жұмыстарына табыс тіледік.

Ә.БАҒМАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы