МЕНІҢ БАҒЫМДЫ АШҚАН – ӨЗБЕКСТАН

489 көрілім

«Ах, Самара – Городок» деген ән шырқалса, есіңізге кім түседі? Әлбетте, күміс көмей әнші, «Халық Қаһарманы», Тарлан сыйлығының иегері, шетелдіктердің өзі қазақтың қызғалдақ гүліне теңеген ерекше жаратылыстағы сұлу Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан.

Роза апамыз жайлы дерекқорда әке-шешесі жайлы: «Менің әкем екі әйел алған адам. Менің ұлты неміс тәрбиешім болды. Аналарым мен тәрбиешім сол заманның сауатты адамдары, әрі текті әйелдері еді», – деп еске алған. Бағланованың әжесі де, шешесі де әнші болған адамдар. Бірақ арнайы білімі жоқ. Үнемі Розаға халық әндерін жаттатып, айтқызып жүрген.

Қазалы елді-мекеніндегі 10 жылдық орта мектепті бітірген соң 1939 жылы Роза Қызылорда педагогика институтына оқуға түседі, бірақ кенеттен асқар тауы жығылып, әкесі қайтыс болады. Осы тұста отбасындағы мәселелер қиындап, сырттай оқуға ауысады. Соғыс басталған жылы Әбдірахман атты туыс ағасын іздеп Ташкентке жолға шығады. Екі қолға бір күрек бірден табылмай, Розаны әбігерге салды. Алайда, бұл жол жезтаңдай бұлбұл үшін басқа тағдыр қол ұсынып тұрған-ды. Сол уақыттарда Өзбекстан филармониясының директоры, Шығыстың Шаляпині атанған Кари Якубов үйлердің жанынан өтіп бара жатып, кездейсоқ жас қыздың әсем дауысын естіп қалады. Талантты тез тани кететін жайсаң жан Розаны бірден филармонияға шақырып, Гаухар Рахимова жетекшілік ететін ансамбльдің құрамына алады.

«Үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді. Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры «Ән айтқан кім?» деп іздеп келді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан сол Кари Якубов әка еді. Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. Одан соң 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті», – дейді Роза Бағланова бір сұқбатында.

Роза апамыз «Ән – менің өмірім. Елу жылдан аса күлкімді де, махаббатымды да, өз бойымдағы нәрімді де – бәрін де әніме бердім» ,- дегендей, Сыр бойынан түлеп ұшып, өзбек еліне түстеніп, туған еліне қайта келіп, әлемнің 54 елінде ән шырқаған, қайталанбас ғажап дауыс иесі, ұлттың ұлы әншісі Роза Тәжібайқызының ән әлемі алыстаған сайын биіктей бермек…

Ерназар РОЗМЕТОВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы