МӘСЕЛЕЛЕР ЛЕГІН ТАЛҚЫЛАҒАН ЖИЫН

775 көрілім

Биыл облыста 21 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар. Бірақ кейбір кедергілерге байланысты 3 мектептің құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Осы және өзге де проблемалық тақырыптарды талқылау және шешу жолдарын қарастыру мақсатында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Жиынды аймақтық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Бірлескен отырысқа аталған кеңестердің төрағалары Ғ.Елшібай және Н.Әбішов, жауапты басқарма басшыларының орынбасарлары және кеңес мүшелері қатысты.

Облыстағы білім саласында 119 мың штат бірлігі, оның ішінде 80874 педагог бар. Оларға 105,4 млрд. теңге қаржы төленуде. Педагогтардың еңбек құқығын күн тәртібіне алған мәжілісте облыстық адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары А.Өсербаев баяндама жасады. Айтуынша, былтыр заңға сәйкес мұғалімдердің жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа төмендеуі салдарынан 2,4 млрд.теңге көлемінде берешек қарыздар өтелген. Биыл да бұл жағдай орын алды. Дегенмен мамыр айына жоспарланған 29,9 млрд.теңге толық игерілген. Б.Тәжібаев бұл мәселелер қаржының тапшылығынан емес жергілікті атқарушы органдардың жіті мән беріп, жұмыс жүргізбеуінің салдарынан туындап отырғанын айтты.

Екінші мәселеде «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының «Білім сапасын арттыру» бөлімінде жоспарланған тармақтарының орындалуы бойынша жауапты басқармалардың есебі тыңдалды.

Жол карта аясында биыл облыста 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,5 млрд. теңге қаралған. Оның ішінде 1,8 млрд.теңге «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы, респбуликалық бюджеттен 150,0 млн.теңге және облыстық бюджеттен 18,6 млрд.теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 59 мектептің 21-ін пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бірақ жоғарыда атап өткендей бұл бағытта проблема жоқ емес. Облыстық құрылыс басқарма басшысының орынбасары М.Тұрдиев 3 мектептің құрылысы мердігер мекемемен келісімшарттың бұзылуына орай тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын қайта түзету қажеттілігі туындауда. Атап айтқанда Жетісай ауданындағы 300 орындық, Қазығұрт және Отырар аудандарындағы 100 орындық мектептердің құрылысы аяқсыз қалған.

Қоғамдық кеңес төрағасы Ғ.Елшібай бұл проблемалар мектептердің құрылысын жүйелендірсе ғана кедергісіз іске асатынын алға тартты. Осы мәселені жалғаған жиын қатысушылары құрылысы тоқтап тұрған білім нысандарына қаржы қарастыру және оның сапасына қатысты сын-ескертпелерін айтты. Мәселені зерделеп, нақты ұсыныстарды депутаттардың бірлескен отырысында жұмыстар жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ Н.Әбішов аталмыш мәселеге қатысты енді партиялық бақылау жүргізілетінін жеткізді. Бірлескен отырыста көтерілген тақырыптар жан-жақты талқыланды. Онда айтылған ұсыныстармен жұмыс істеуге жиында тиісті шешімдер қабылданды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы