ӨЗ ГАЗЕТІМ – ӨЗ ҚАЖЕТІМ

461 көрілім

Өз газетім дегенде, ілгеріде ең төбесіне саяси билік иесінің аты жазылған аудандық, қалалық газеттерді айтып отырмын. Өз газетім «Түркістанға» ес білгелі бауыр басқанмын. Ең бірінші еңбек жолымды осы газеттен бастағанмын. Мені толғандыратын мәселе, туған жеріңнің, тумасаң тұрған жеріңнің тарихына, тағдырына, халқының тұрмыс тіршілігіне көңіл аудармасақ, жақсы бастама істер, шешілмей жатқан мәселелер жөнінде төл газетіміз арқылы хабарласпасақ, ұсыныс айтпасақ қалай түркістандықпын дей аламыз?

Газетіміздің бүгінгі тиражын жерлестеріміздің ұзын санына, ересек азаматтардың санына шашсаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Бұрын барлық мекемелерде, келушілердің назары түсетін ашық жайларға газеттердің әр ай сайынғы тігінділері қойылатын. Қазір қандай?

Қазаққа теңдік әперу жолында Алаш ардагерлері негізгі жұмысты жергілікті газеттерді ұйымдастырудан бастағаны белгілі. Уақытша үстемдік алып тұрған телефон, телевидение, радиодағы, сахнадағы ойындар кітап пен газет қолыңдағы қаруың.

ЖУРНАЛИСТЕР

Атыңды атап шырқап жүрген жоқ әнім,

Ақындардан арнады екен Ода кім?

Жаһандағы жаңалықтар жаршысы,

Алтын-жезді қоңырауы қоғамның!

Дүниенің кезіп түкпір-түкпірін,

Жәмиғаттан жағдай біліп тік тұрдың.

Төмендегі шырылдаған шындықты,

Жоғарыға келеді ылғи ұқтырғың.

Жалпы, әлемге жаның тілеп жарасым,

Өз еліңе өзегіңді жарасың.

Алтын жіппен жалғап жүрген сендерсің,

Қағанменен қалың елдің арасын.

Ар-намыспен, арпалыспен ай-күнің,

Өте берер сызып өмір айдынын.

Көңіліңе қаяу салмас жай күйің,

Қара тіл мен қалам, қағаз – байлығың.

Жер қазғаннан, кен қазғаннан кем емес,

Еңбегіңді баз біреулер елемес.

Ат терлетіп ақиқаттың ауылында,

Іздегенің шекпен менен шен емес.

Тағдыр кейде таңбайды да жақсы атқа,

Түңілдірер жүрегіңе дақ сап та,

Шағылмайды тауың бірақ, ешқашан.

Жетемін деп ел көздеген мақсатқа.

Нұрмахан НАЗАРОВ, Халықаралық психология ғылымдары академиясының (Ресей) Құрметті академигі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, түркістантанушы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы