ҚАЛАМДАРЫ ҚАРЫМДЫ, ЖАҢАЛЫҒЫ ЖАҒЫМДЫ

803 көрілім

Халқымыздың бір туар дарынды перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп, мерзімді басылымға айрықша баға берген.

– Міне, осындай үнқағаздың бірі, өзіміз туып өскен киелі «Түркістан» газеті рухани астанамыздың бет перде, айнасы деп білеміз. Бұл үнқағазбен есімді біліп, оң солымды ажыратқаннан бастап, балауса оқушы күнімнен біргемін.

Бұл басылымда көптеген майталман, талантты қаламгерлер еңбек етті. Ол кезде партия шешімін жүзеге асыруға атсалысты. Бүгінгі таңда өз алдымызға тәуелсіз ел болып, төбеміз көкке жетіп, мәртебеміз мерейлене түсті. Шүкіршіліктен тоба дейік.

Жастарымыз да, қаламгерлеріміз де күн санап өсіп келеді. Кезінде «Коммунистік еңбек» үнқағазында тіс қаққан азулы журналистер еңбек ететін. Ал, бүгінгі күні «Түркістан» газетінде кілең жас сарбаздар еңбек етеді. Сүйсінерлік жәйт.

– Бәрін айт та бірін айт, 2020 жылы тарихы терең қарт басылымның 90 жылдық мерейтойын атап өткен ұжым басшысы Мәлік Дәулетов, Ләззат Сарыбаева, Қуаныш Тасыбаев бір кісідей жұмылып еңбек етуде. Тоқсан жылдық шежіресін үнқағазда баяндап отырды. Сол кезде «Тарихқа толы 90 жыл» атты кітап жарыққа шықты. Басылымның архивте сарғайған беттеріндегі Түркістан қаласының тынысын оқырман қауымға жинақ етіп ұсынған ұжымның шығарған бұл кітабында бүгінгі жастарға қажет мол мұралар бар. Кеңес заманындағы шаһар мен бүгінгі Түркістанның арасын жалғаған кітаптың көпшілік оқырманға берері көп.

Қазіргі таңда ұжымда талантты жастар көбейді. Тіпті, сонау шығыстағы көршіміздің иелігіндегі атақонысымызда туып өскен жігерлі жас Үмітбек Бағдат та ұшқыр ойлы талантымен көрініп, басылымның редакторы болып тағайындалды. Ұжымда ақын жанды Түркістанның ақын қызы Мөлдір Халиллаева талантымен көзге көріне білді. Бүгінде бала күтімімен демалыста жүр. Сәбиінің бауы берік болып, еңбек жолыңыз жемісті болуына тілектеспіз.

Жастар демекші, осы жастардың ұстазы болып еңбек етіп жүрген Ескендір Ертай, Әтіргүл Тәшім, Несібелі Иманқұлова көптің ойын қозғайтын ой-пікірлері оқырман қауымын қуантып келеді. Осы қатарда өзбек тіліндегі «Туркистон» газетінің редакторы Райымжан Әлібаевтың да есімін ескерусіз қалдыруға болмайды. Сонымен қатар, жас журналистер Шапағат Ғайбулла, Арайлым Мейрамханқызы, Дәурен Тілеухан да көпшілік қауымға тартымды, тәлімді ойларын жария етіп келеді.

Киелі қаламыз негізінен жастарды құрайды. Айтар ойым, сол жастар арасында Саттар Ерубаевтың әруағы қонған, дарынды қарымды қаламгерлер бар болар. Соларға арнайы үнқағаз бетінен «Жырлайды жастар» атты айдар ұйымдастырса жөн болар еді, – деп нық сеніммен айтамын. Ел аузында «Сын түзелмей, мін түзелмейді», – деген ұлағатты өнеге бар. Осы мәселені қолдап, «Сын сағат» атты айдар ашса, орынды болар деп ойлаймын. Өйткені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей «Жаңа Қазақстанды» құру үшін баршамыз бір кісідей игі істерге бет бұрып, кемшіліктен арылуымыз қажет. Қадірлі қаламдастар сіздерді алдағы келе жатқан 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен құттықтай отырып, қаламдарыңыз қарымды, жаңалықтарыңыз жағымды болып оқырман қауымның жүрегінен орын алып, қарапайым халықтың қамқоршысы болыңыздар демекпін.

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ, еңбек ардагері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы