Түркістан облыстық ақпараттық-насихаттық топ қалалық орталық аурухананың қызметкерлерімен кездесті. Келелі кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Жиынды Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков ашып, жүргізіп отырды. Шара шеңберінде жұмысшы топ мүшелері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исабаев пен №19 жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерлан Хансейтов баяндама жасап, Жолдаудағы бағыттарға жіті тоқталып, өтті.


«Президентіміз өз Жолдауында бес бағытты айқындап көрсетті. Оның төртінші бағыты «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталады. Бұл бөлігінде басшымыз бірнеше мәселелерді көтерді. Соның қатарында медицина саласына қатысты мәселелерге мән беріліп, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету басты назарда болып отыр», – деді Жанболат Ділдәбеков.
Ақ халаттылар насихаттық топтың жасаған баяндамаларын ыждаһаттылықпен тыңдап, одан соң өзара пікір алмасты. Жарыссөзге қалалық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Стамқұлов шығып, «Жастар жылына» орай жас мамандарға көп көңіл бөлінгендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, келген меймандарға аурухана ұжымының атынан алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».