ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ-БАСТЫ МАҚСАТ

3  795 көрілім

Тіл жалпы халықтың бір-бірімен байланысу құралы және бір мемлекеттің тұғырының тәуелсіз екендігін айқындайтын үлкен байлық. «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген Қадыр Мырзаәлі атамыздың нақыл сөзінде айтылғандай ана тілің болмаса бір халықтың ел болып, бір адамның тұлға болып қалыптасуы мүмкін емес.

Шынында мемлекетіміздегі тіл мәселесі туралы әңгіме қозғалғанда бей-жай қарап, немқұрайлылық таныту мүмкін емес. Өйткені тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Өзінің жеке тілі мен дәстүр-салты бар, тарихы терең тамырды бойлаған, Қазақстанда өмір сүріп жүріп, ана тілінде сөйлеу, тілдің мәртебесін көтеру мен жойылып кетпеуінің алдын алу мәселелерін қарастыру шыны керек өте ұят нәрсе. Бірақ жасырып қайтеміз ол елімізде бар проблема.

 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы жолдауында қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту турасына ерекше тоқталды. Қазақстан Республикасының президенті: Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек дей отырып қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн екенін тілге тиек етіп өтті. Яғни мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын, оның ішінде халықпен тығыз байланыс жүргізетін уәклетті органдардың барлығының жұмысын таза қазақ тіліне аудару керек деп ойлаймын, парламент отырысы, мәслихат жиналыстарында депутаттар, жалпы лауазымды қызметтері бар басшылар қазақ тілінде сөйлеуді үйренсе екен деймін және бұл нәрсе олар үшін міндеттелуі керек деп ойлаймын. Одан бөлек мемлекеттік тілімізді дамытудың тағы бір үлкен факторы бола алатын дүние ол радио, теледидардан берілетін хабарлар, кинематография, бағдарламалар. Қазіргі уақытта бұл нәрселер халықпен байланысудың тікелей құралы болғандықтан санасына әсер етуші фактор ретінде қарастырамыз. Теледидардағы сөйлеу мәнері, қазақ тілінде дұрыс сөйлеуі, ойын дұрыс жеткізе алуы адамдардың саналы әрі сауатты сөйлеуіне үлкен септігін тигізеді.

Тіл мәселесіндегі ең әуелгі проблема оған қажеттілік туындаңнан кейін шешіледі. Яғни адамдарды қазақша сөйлеуге мәжбүрлеу арқылы қазақ тіліне қажеттілік тудыратындай жағдай жасау керек. Қазақстан Республикасының ата заңында мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінің де қолданылатыны айтылған, егер осы заңға сәл өзгерту енгізсек, таза қазақ тіліне деген мұқтаждық туады, қазақ тілінде сөйлеу елімізде мәртебеге айналады.

 Жалпы тіл мәртебесін көтеру туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жуырдағы отырысында мемлекеттік тіл мәселесінде басқа да елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, тіл үйретуде негізінен оқу орнындағы жастарға көбірек мән беру керектігін айтты. Ел Президентінің осы сөзіне үлкен мән бере отырып өңірдегі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті жалпы қазақ тілінің филологиясы, мен шет елден келіп қазақ тіліндегі мамандықтарды игеріп жатқан шет елдік студенттердің ойын сұрап көрдік.

Женгиз Хижран, журналистика мамандығының 3-курс студенті. Түркия азаматшасы:

«Қазақстанда оқу мен үшін үлкен мүмкіндік, қазақша үйрену маған ешқандай қиындық туғызбады. Өйткені түрік тілі қазақ тіліне өте ұқсас болғандықтан қазақ тілін үйрену кезінде қиналмадым. Мен университетке алғаш студент болып келгеннен кейін дайындық курсын оқыдым, біз ол жерде қазақ тілін үйрендік, дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу, граматикасын, шыны керек, сол кезде ақ менде қазақ тіліне деген қызығушылық артты. Дайындық курсын оқып бітіргеннен кейін қазақ ұлтындағы достарыммен қазақша еркін сөйлесіп жүргенімді сезінгенде, өзімді мақтан тұттым және бақытты сезіндім. Түркістандағы оқу ордамызға келгеннен кейін мамандығымыз бойынша сабақтар өте бастадық. Сол алғашқы уақыттар маған қиындық туғызды өйткені бір түрік ұлытының өкіліне қазақ журналистикасын үйрену, термин сөздерді түсіну, мұғалімнің айтып жатқанына ілесіп отыру өте қиын болды. Кейде үй жұмыстарын орындау барысында түсінбей жылайтын да кездерім болған. Бірақ қазіргі уақытта шүкір, Журналистика мамандығындағы үшінші жылым, біраз нәрсені үйреніп, қазақ тілінде сюжет түсіру, мақала жазу сияқты нәрселер үйреншікті болып кетті. Негізінде түрік журналистикасы мен қазақ журналистикасының арасында көптеген айырмашылықтар бар екен. Қазіргі уақытта керісінше түрік журналистикасымен қоса қазақ журналистикасын да, тілін де үйреніп алғаным үшін өзімді мақтан тұтамын және Қазақстанда қалып журналистика саласы бойынша жұмыс жасағым келеді.

          Тілеухан Дәурен, қазақ тілі филологиясы мамандығының 4-курс студенті, ақын, журналист:

              «Қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы осы уақытқа дейін де қаншама дүниелер айтылды. Негізінен тілдің атқаратын функциялары өте көп. Ең бірінші функциясы тіл ол – байланыс құралы болып табылады одан кейінгі мен биік қоятын тағы бір мәселелердің бірі тіл дегеніміз – тұтас бір мемлкеттің және сол мемлекетте өмір сүретін адамдардың барлық қажеттіліктерін өтей алатын негізгі мохинациясы. Бізде қазақ тілі әлі сондай дәрежеге жеткен жоқ, сондықтан да әлі күнге дейін бұл мәселеде ақсап отырғанымыз рас. Менің ойымша қазақ тілі жоғары дәрежеге көтерілу үшін әрбір қазақстандық қазақ тілін жетік меңгеруі керек және бір – бірімен тығыз байланыста болуы керек деп ойлаймын. Оның өзіне де көп күш салуымыз қажет, елдегі тілдің мәртебесін көтеру үшін республикамыздағы кез – келген нәрсе қазақша болса, мекемелердің аты қазақша жазылып, мобильді қосымшалар да қазақ тіліне аударылса сол арқылы өз – өзімізді таныта аламыз. Заң аясында да қазақша сөйлеу міндеттелетін болса тілдің мәртебесі көтерілетініне сенемін. Эмиль Чоранның мемлекет жерде емес тілде өмір сүреді деген сөзі бар. Егер тілдік мәселелердің барлығы жоғары қойылмаса, тілдің мәртебесі көтерілмесе қанша ұландай атырап жерің болса да, қаншама байлығың, бой көтерген биік шахарларың болса да ол мемлекеттің болашағы ұзаққа бармайды. Тарихтан да белгілі қаншама мемлекеттер ұлттық құндылықтарына, тіліне, дініне, тарихына осал қарағандықтан құрдымға кетті. Тілдің бұрмалануы, сол кездердегі аумалы – төкпелі замандағы неше түрлі ұлттардың бір жерден бір жерге ауысып келуі әтежиесінде болған неше түрлі үдерістердің әсерінен тілде өзгеріс те пайда болды. Қазіргі уақытта бір нәрсені аудару, оған балама табу өте күрделі нәрсе болып кетті, жеңіл, қарапайым, жұғымды сөздер аз. Мысалы орысшадан немесе басқа да елдерден енген сөздердің барлығы шұбалаңқы, қазақтың өзі түсінбей қалатын сөздерге айналып кетті, әсіресе осындай арзан құрзан сөздерге қазіргі жастар құмар. Осы себептердің барлығын саралай келе адамдардың тілге деген көзқарасы, оны оқып үйренуге, игеруге деген қызығушылығының төмен екенін байқауға болады. Шынында ұлттық тілімізге өзіміздің жанымыз ашымаса, әр адамның бойында ана тілімізге деген патриоттық сезім болмаса еліміздің болашағы жарқын болады деп айту қиын.»

          Қорыта айқанда, Қазақстанда қазақ тілінің мәселесі әлі де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Шет елден келіп қазақша сөйлеп жүрген шет елдіктер бар, Қазақстанда тұрып қазақшаны қазақтардан жақсы білетін өзге ұлт өкілдері бар, тек өзінің ана тілін жетік меңгеріп, кез келген жерде ұялмай қазақша сөйлей алатын қазақтар ғана жоқ. Осы нәрсе шынында адам жанын қатты қынжылтады. Мемлекеттік тілдің әлеуетін уақыт өткен сайын арттыру үшін қолымызда бар барлық ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып дамытуымыз керек.  Шындығында қазақ тілі қазақтардан басқа ешкімге керек емес, сондықтан да ана тілдің болашағының жарқын болуына немесе мүлде болмауына тек өзіміз ғана жауапты боламыз.

ХҚТУ-нің 3-курс студенті Жаннұр МҰСАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы