БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БІЛІМ ОРДАСЫ

682 көрілім

Қай елдің болмасын өсіп өркендеуі өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы – оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. Заманның даму барысы бұрын болып көрмегендей қарқын алып, алға қарай қарышты қадам басуда. Соған сай қоғам өмірінің барлық салалары бойынша өмірге келер жаңалықтар кезек күттірмейтін дүние есігін ашып, өздерінің талаптарын қойса, экономикалық өзгерістер – Қазақстан ғылымы алдына аса зор ауқымды міндеттер қойып отыр.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2021 жылы Түркістан облысында тағы бір жаңа Сауран ауданының құрылуы, аудан мәртебесі берілуі тегін емес. Орта ғасырдағы Сауран қаласы қазақ елінің әлеуметтік саяси, шаруашылық-этникалық және мәдени даму орталығы болғаны бәрімізге белгілі. «Өткенді білмей-болашақты болжау қиын», – демекші Қ.Рысбеков атындағы №5 негізгі орта мектеп-интернатының іргесі жаңадан қаланған Сауран ауданы үшін алатын орны ерекше. Өйткені, аудан көлеміндегі жалғыз ғана шежірелі тарихы, жеткен жетістігі мол мектеп-интернаты.

1959 жылы 1-4 сыныптар аралығында ашылған М.В.Фрунзе атындағы мектеп-интернатына 1968 жылы Кеңес Одағының Батыры Құрбанбай Рысбековтың аты берілді. Қ.Рысбеков атын иеленген қарашаңырақ 63 жылда терең де тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырған. Мектептің өмір тарихында 10 мыңнан астам қазақ баласы білім алып, отанымыздың игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанған. Мектеп әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернаты болғандықтан мектептері шалғайда орналасқан, аз қамтамасыз етілген, көп балалы аналардың балалары және қойшы, қазіргі заман талабына байланысты вахталық әдіспен жұмыс істейтін отбасылардың балалары білім алып тәрбиеленеді.

Білім ордасының қазіргі ғимаратының салынғанына 15 жыл болған. Қазіргі таңда мектеп ХХІ ғасырға лайық жабдықталған, интерактивті тақталы сыныптар, спорт, үйірме залдары, кітапхана, дайындық сыныптары, мектеп мұражайы жұмыс істейді. Оқушылардың толықтай білім алуына жағдай жасалынған. Мектепте 18 сынып бөлмесі, 300 орындық жатақхана, 150 орындық асханасы бар.

Тәуелсіз Қазақстан болашағының баянды болуы – білімді, жан-жақты сауатты ұрпақтың қолында. Ал, білімді, бәсекеге қабілетті мамандарды- білімді ұстаздар ғана даярлап шыға алады. Қазіргі таңда мектеп- интернатында 346 оқушы білім алып, тәрбиеленуде. Мектепте бүгінгі таңда білім саласында 77 ұстаз бар болса, оның ішінде 31 тәрбиеші еліміздің ертеңі-жас ұрпақты тәрбиелеуде қажырлы еңбек етіп, білім беру саласында өзгерістерге сай жұмыс жасауда. Олар деңгейлік бағдарламалар бойынша үш тілділік және білім берудің жаңа мазмұнына сай білімін жетілдіріп келеді. Мектепте 9 – педагог зерттеуші, 18 – педагог сарапшы, 21 – педагог модератор қызмет атқаруда.

Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. Мектепте тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, 30 игі іс-шарасы жыл көлемінде өткізілген. Қазақстан Тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына 30 жыл деп аталмыш мектептің 30 жылдық жетістектеріне көз жүгіртсек. 1991 жылы – интернаттар арасында оқу ісі меңгерушілерінің облыстық семинары жоғары дәрежеде өткізілген екен. 1992 жылы – мектеп сол кездегі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. 1993 жылы – мектепке шет елден келген 97 оралман оқушымен толыққан. 1994 жылы – мемлекеттік тілді қолдау аясын кеңейту, қазақ халқының, мәдени және әдеби, рухани қазыналарын кеңінен насихаттау мақсатында облыстық семинар өтікізіліпті. 1995 жылы – «Математика ғылымының құпиясы тұңғиық, көз жетпейтін мұнарасы тым биік» тақырыбында қалалық семинар өткізілсе, 1996 жылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, мемлекеттік тілге құрметпен қарауға, тәрбиелеуге бағытталған іс-шара ұйымдастырылған. 1997 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген еңбек қайраткері Нұрлан Абдуллин оқушыларға концерттік бағдарламасын ұсынып, акция ұйымдастырылған екен. 1998 жылы «Нұрталап – 1998» республикалық өнер байқауына мектеп оқушысы Н.Салқынбек қатысып, жүлделі І орын алған. 1999 жылы мектептің үздік оқушысы Нұрсұлтан Сәрсенов облыс атынан Астана қаласының Президент шыршасына қатысыпты. 2000 жылы мектептің 9 сынып бітіруші түлектері 5 үздік аттестатқа қол жеткізген.

2001 жылы «Отбасы құндылықтарын дамыту» тақырыбында интернаттар арасында облыстық семинар өткізілсе, 2002 жылы – мектеп сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алғыс хатымен марапатталған. 2003 жылы – республика көлемінде «E- Learning» жобасы бойынша эксперимент жүргізіліп, нәтижесінде облыс көлемінде іс-тәжірибе таратылыпты. 2004 жылы 4-9 сыныптар аралығында Мемлекетаралық бақылауға қатысып, үлгерім сапасы 75 пайызды құраған. 2005 жылы мектептің жаңа құрылысы басталса, 2006 жылы-«БИС» технологиясын оқып қолданысқа енгізілген. 2007 жылы Қ.Рысбеков атындағы №5 негізгі орта мектеп-интернаты жаңа ғимаратқа көшкен. 2008 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Күлаш Шамшидинова мектептің тыныс- тіршілігімен танысып, жақсы баға беріпті. 2009 жылы «Мектеп оқушылары және мұғалімдер мен ата-аналарға психологиялық консультация ұйымдастыру» тақырыбында қалалық семинар ұйымдастырылған. 2010 жылы Түркістан қаласында Ыбырай Алтынсариннің 170 жылдық мерей тойына орай өткізілген оқушылардың ғылыми –теориялық конференциясында Нұрдаулет Садық жүлделі ІІІ орынмен марапатталған. 2011 жылы мектеп-интернаттың оқушылар саны 270-тен 360 оқушыға артқан.

2012 жылы Қ.Рысбековтың 90 жылдық мерейтойы атап өтілген. 2013 жылы оқушымыз Төлеген Әбжаппар Ресей интеллектуалды олимпиадасынан жүлделі орын алып, Ресей мемлекетіне саяхатқа барған. 2014 жылы мектеп «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» тақырыбында облыстық өнер фестивалінен ІІ орынмен марапатталған. 2015 жылы мектептің 3 ұстазы «Білім беру ісінің үздігі» медалімен марапатталса, 2016 жылы Қаржаубай Алтынай қыздар арасында тоғыз құмалақтан Түркістан қаласы бойынша 74 мектеп арасында жүлделі І орын алса, облыстан ІІ орыннан көрінген. 2017 жылы мектепте «Ұлан» басылымының ұйымдастыруымен өткен жалпы республикалық шығармашылық байқауға қатысып, «Алтын дауыс» номинация бойынша үздік деп танылып, Меруерт Сағиева І орынмен марапатталды. 2018 жылы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Н.Қошанов пәндік олимпиадаға қатысып жүлделі І орынмен марапатталған. 2019 жылы Қ.Рысбеков атындағы №5 негізгі орта мектеп-интернатының 60 жылдық мерейтойы аталып өтілген.

2020 жылы Кентау қаласы көлемінде мектеп оқушылары тоғызқұмалақтан арнайы кубокке қол жеткізсе, 2021 жылы Жұлдыз Бұйрабаева 5-6 сынып арасында тоғыз құмалақтан аудан бойынша жүлделі І орынды иеленген.

Міне, заман өзгерісіне қарай, ХХІ ғасырда жаңарған білім, көшбасшы мұғалім, жан-жақты білімді ұрпақты тәрбиелеудегі жеткен жетістіктері туралы тоқталып өттік. Аталған жетістіктердің басы қасында жүрген мектеп-интернатты 2016 жылдан бері басшылық жасап келе жатқан Шүкірбаев Әмірхан Мырзашұлының арқасы деп білеміз. Өзінің бар күш-жігерін, тәжірибесімен бөлісіп, ұжымды ұйымдастыра біліп, олармен етене араласып, бірлікті, ынтымақты нығайтуда күш салып келеді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар киелі білім ордасының алар асулары, шығар биігі әлі алда деп сенім білдіреміз.

Т.КҮНПЕЙІСОВА, Қ.Рысбеков атындағы №5 негізгі орта мектеп-интернаты директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы