БАБЫНА КЕЛГЕН БАБАЙҚОРҒАН

1  148 көрілім

Қарт қазыналы Қаратаудың баурайындағы табиғаты әсем, жері көркем, суы мол, шөбі шүйгін Бабайқорғанның қазіргі жағдайы күннен күнге құлпыра түсуде. Бабайқорған ауылдық округі 4 елді-мекеннен құралған. Атап айтқанда Бабайқорған, Абай, Құмайлықас, Үлгілі елді-мекендері. Бабайқорғанда – 3421 адам, Абайда – 1871, Құмайлықаста – 826, Үлгіліде – 802 адам тұрады. Барлығы 6920 адам осы төрт ауылда тіршілік етіп жатыр.

БАСТЫ НАЗАРДА-ӘЛЕУМЕТТІҢ ТҰРМЫСЫ

Бабайқорған ауылдық округінің әкімі Әбдімүтәліп Абдрайымовтың баяндауынша, 2020 жылдың 12 айында мүлік салығы 404,2 мың теңге, жер салығы 968,7 мың теңге, көлік салығы 6389,7 мың теңгеге орындалды. Ал, 2021 жылы 12 айында мүлік салығы 792,6 мың теңгеге артты. Жер салығы 487,5 мың теңгеге төмендеді. Көлік салығы 6439,0 мың теңгеге орындалды.

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту ауыл әкімдігінің басты міндеті болып табылады. 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтар саны 62 болса, олардың ішінде 55 отбасына тағайындалды, қалған 7 отбасына кедейлік шегінен асып кетуіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады.

Ақылы қоғамдық жұмысқа 50 азамат, сақшыға 4 азамат, жастар практикасына 8 азаматтар жұмысқа жіберілді. Демеушілік есебінен 50 отбасыға азық-түлік берілді. Әлеуметтік күтімді үйде қажет ететін мүмкіндігі шектеулі мүгедек 3 балаға гигиеналық заттар, Халық банк демеушілігімен 6 отбасыға азық түлікпен көмек, жеке кәсіпкерлер есебінен 6 отбасыға азық түлікпен көмек берілді.

Бабайқорған ауылдық округінде қазіргі таңда 2 мәдениет үйі және 3 кітапхана жұмыс жасауда 12 айда 73 іс-шара өткізіліп, жалпы 300 адам қамтылды. Мәдениет үйінің залы 200 орындықтан, биге және басқа да үйірмелерге арналған бөлмелерден тұрады. Кітапханалардағы жалпы кітап қоры – 32000 кітап, оның ішінде қазақ тілінде: 25788 кітап бар.

2021 жылы жаңадан келген кітаптар саны 340, оның ішінде 220 қазақ тілінде. Бұл теңізге құйған тамшыдай ғана. Оқырмандарға кітап насихаттау мақсатында карантин кезінде онлайн түрде кітапхана парақшаларында «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы өз жұмыстарын жариялап отырды. Сол кезде көпшілік әлеуметтік желі арқылы кітап оқуға машықтанды.

ЖЕР ЕМГЕН ДИҚАНДАРДЫҢ ЖАЙЫ ЖАҚСЫ

Бабайқорған ауыл округінің жалпы ауыл шаруашылық жері – 111707 гектар болса, оның ішінде ауыл шаруашылық жері 23306 гектарды құрайды. Оның ішінде суармалы жері 2504 гектарға жетеді. Диқандар ауыл маңындағы 171 гектарды бау-бақшаға айналдырған. Қазіргі таңда жайылымдық жердің көлемі 22282 гектарға жетеді. Мұның ішінде халықтың пайдаланып отырған аумағы да ауқымды. Алайда, мал басының көбейе бастауына сәйкес, жайылымдық жер тарылып барады. Елді-мекенге тиесілі жер көлемі 5215 гектар. Оның ішінде су қорының жері 426 гектар, автокөлік жолы 299 гектар, ерекше қорғалынған жер аумағы 5009, жылыжай 0,5 гектар болады.

2021 жылы 2076 га жерге ауыл шаруашылық дақылдары егіліп игерілді. Оның ішінде егілген егіс көлемін айтар болсақ, 263 га жүгері, 308 гектар бақшалық дақылдар, 545 га бидай (100 га жаздық бидай, 445 га күздік бидай), 110 га көкөніс, 800 га жоңышқа (200 га жаңа, 600 га ескі), 50 га картоп отырғызылды.

Бабайқорған ауылдық округі бойынша 0,5 га жылыжай тіркелген. Ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 250 млн теңге.алдағы уақытта жыл соңына дейін 150 млн теңеге тарту көзделуде.

Бабайқорған ауылдық округі бойынша 4 дана ауыл шаруашылығы техникалар алынды. 2-3 өнім алу жобасы бойынша 10 жоба іске асырылды.

Қарқынды бау шаруашылығын дамыту бойынша «Алинұр» шаруа қожалығы 20 га. «Айдос» шаруа қожалығы 5.0 га жерге бау егіліп, жоспар 100 пайыз орындалды.

МАЛ БАСЫ ӨЗ ТӨЛІНЕН КӨБЕЙЕ ТҮСУДЕ

Мал шаруашылығы бойынша ІҚМ саны 6941 бас, уақ мал саны 51321 бас, жылқы 1580 бас, түйе 10 бас, құстар 11360 бас тіркелген. Есепті кезеңде, энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар барысында көктемде 6941 бас ІҚМ, жылқылар бүркуден өткізілді, көктемде 51321 бас уақ мал тоғытылды. 80000 шаршы метр буферлік зоналармен 315000 шаршы метр жеке үйлердің қора қопсылары дизенфекцияланды.

ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ШИРАҚ ҚИМЫЛЫ

Ауылдық округі бойынша шағын және орта бизнес базалары 2021 жылы есепті кезеңіне 8 жеке кәсіпкер тіркелген және 8 кәсіпкер жеке дүкендері арқылы халыққа қызмет көрсетуде. Бабайқорған ауылдық округінде 2021 жылы жүргізілген құрылыс жұмыстары көңілден шықты. Бабайқорған ауылдық округінде 7 көшеге «Энергия ВЕС» ЖШС арқылы 173120,0 теңгеге асфальт жол салынды. Тапсырыс беруші Кентау қалалық жол бөлімі.

Бабайқорған ауылдық округінде спорт зал құрылысы 173600,0 теңгеге жүргізілуде. «Элит Инвест–Б» ЖШС жеңімпаз атанып, құрылыс жұмыстары басталуда. Бабайқорған елді-мекеніне демеушілердің есебінен 500 орындық имандылық асханасының құрылысы жүргізілуде.

Соңғы жылдары бұл өңірде қиындыққа қарамастан кәсібін дөңгелентіп отырғандар бар көрінеді. Бірі шлак құйса, бірі егін егіп, бірі бау-бақша өсіруде. Оны таяу тұрған Түркістанға жеткізіп, саудасын қыздыруда. Солардың бірі бұрын құрылыс саласында қызмет етіп, енді зейнетке шыққан соң, өзінің зоотехникалық мамандығына қайта оралған Сабыр Қуандықов. Ол немерелері атынан «Саян-Аян» ЖШС-ін ашқан. Жеке кәсіпкер ретінде үй маңын алма баққа айналдырған. Үндік, тауық өсіруде. Жиырмаға жуық қара малы бар. Биыл көктемде жүгері егіп, оны жинап алған соң, күздік бидай еккен. Оны мал азығы ретінде пайдаланбақ.

Сабыр Қуандықов таяу жылдары қаржы көзін тауып, асыл тұқымды мал бордақылауды жоспарлап отыр. Қазіргі әкімдерге берілген тапсырма міне осындай кәсіпкерлер мен бастамашыл жандарды қолдай отырып, жергілікті бюджеттің қоржынын толықтыру. Ол қаржыға ауылдың инфрақұрылымын дамыту. Жергілікті бюджетке бұған дейінгі түсіп жатқан қаржы теңізге түскен тамшыдай ғана еді. Осы орайда, ауыл әкімі Әбдімүтәліп Әбдрайымов ауыл маңынан кешенді демалыс  аймағын  құру  туралы  жобаның  но-байын   қағазға  түсірген. Оған серіктес бола алатын инвестор іздеуде. Індеттен енді ес жиып, ауыл бұйығы қалпынан ояна бастаған. Алайда, мемлекеттің нақты қамқорлығынсыз ел бесігі ауылдың жер бауырлап қалған еңсесінің жедел көтерілуі өте қиын.

Ауылдық округтегі 10 азық-түлік дүкендердің барлығы әйел азаматшалардың басқаруында. Ауылшаруашылық жұмыстарымен 3 азаматша кәсібін ашып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтып отыр.

ӨЗЕКТІ ЖАЙЛАРДАН АУДАН ӘКІМІ ДЕ ҚҰЛАҒДАР

Сауран ауданы құрылған бір жылдың өзінде аудан әкімі Ғани Рысбеков бабайқорғандық жергілікті тұрғындармен жеті мәрте кездесті. Сондықтан ауылдың жағдайын жетік біледі. Мәселен, Бабайқорған ауылдық округі Құмайлықас (Серт) елді-мекеніндегі Сабыр Рахимов көшесіне 2,1 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі байқалды. Бабайқорған – Абай елді-мекендері арасындағы 9 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу кезек күттірмейді. Бабайқорған спорт кешені құрылысы қарқынды жүруде.

Ауылдық округ бойынша жергілікті қоғамдастық мүшелері қайта құрылды.

Ауылдық ақсақалдар және ардагерлер кеңесі мен жергілікті қоғамдық кеңестер әртүрлі дауларды өзара шешіп, бітімгершілік жұмыстарын жүргізуде. Ауылдық округтегі Әжелер кеңесінің ұйымдастыруымен Абай, Үлгілі ауылдарынан Әжелер тобы құрылып, ауылдық және аудандық іс-шараларға қатысып, жүлделі орындар алып, тәрбиелік мәні бар іс -шаралар өткізуде.

Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округінің орта мектебіндегі №82-ші сайлау учаскесі таңғы 7.00-де есігін айқара ашты. Бабайқорған ауылдық округінде 6920 адам тұратын болса, олардың 1280-і референдумға дауыс беруге қатысады.

Сайлау комиссиясының мүшесі Орынбек Абылаевтың айтуынша, егде жастағы қарттар мен мүгедек жандарға үйлеріне барып қызмет көрсететін топ бекітілген.

Ауылдық округтегі №79,80,81,82 сайлау учаскелерінде 5 маусымда өтетін жалпы халықтық референдумға жергілікті тұрғындар зор белсенділікпен қатысты. Әлеуметтік желілерде және көпшілік орындарда референдумға қатысу маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілді. Бабайқорған ауылдық округі Құмайлықас (Серт) елді-мекеніндегі Сабыр Рахимов көшесіне 2,1 шақырым жолды орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Құмайлықас, Үлгілі, Бабайқорған, Көксарай, Абай, Игілік ауылдарының жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсынылды.

Құмайлықас елді-мекені ауыз сумен 100 пайыз қамтылған. Бабайқорған елді-мекеніннің құрамына енбеген үйлердің сызбасы жасалып, тиісті мекемеге ұсынылды. Абай, Үлгілі елді-мекендерінен қосымша су ұңғымасын қазу бойынша тиісті ұсыныстар берілді.

МЕШІТ ҚҰРЫЛЫСЫН ХАНДІЛЛАЕВТАР ӘУЛЕТІ ҚОЛҒА АЛУДА

Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай ауылында ғажайып мешіт бар. Оны аңыз етушілер ежелгі Гүрзіханнан қалған деседі. Онымен қоймай мешіт жанында осы Гүрзіхан атаның бейіті де бар. Бұған Қазақстан ғана емес шетелдерден де саяхатшылар келеді екен. Жөн білетіндер сапарды осы Гүрзіхан атадан бастайды. Себебі, Гүрзіхан ата Жылаған Атаның әкесі. Ал шешесі Қарашаш ана Игілік ауылы маңында жерленген.

Абай ауылындағы таудың тасынан қаланған Гүрзіхан ата мешіті жанынан жаңа мешіт құрылысы Ханділлаевтар әулеті демеушілігімен салынуда. Меценат Сәкен Ханділлаев мешіт құрылысын Құдай бұйыртса келесі айдағы Құрбан айтқа пайдалануға беруді жоспарлап отыр екен.

Туристердің бірқатары алдымен аңыз бойынша Гүрзіхан ата Жылаған атаның әкесі, Қарашаш анасы деп Абай ауылындағы Гүрзіхан ата кесенесіне зиярат етеді. Алдағы уақытта Гүрзіхан ата кесенесінен Мес атаға, ары қарай Қарашаш анаға туристік бағдар жасалады. Сол кезде мешіт жанында отырып тынығатын, асханасы да бар.

БИЛІКТЕН ГӨРІ АУЫЛДАСТАРДЫҢ КӨМЕГІ ҚОМАҚТЫ

Рамазан айының екінші күнінде Бабайқорған ауылындағы Масеитов Темірханның үйінің түгі қалмай өртеніп кетті. ТЖБ хабарлауынша өрт үйде тұтынып жүрген газ баллонынан шыққан. Алапат өртті өшіру мүмкін болмады. Нәтижесінде Дарина Жамикова мен Ұлдана Сыздықова есімді кәмелетке жетпеген қыздар өрт құшағында қалып қойды. Төтенше жағдайға байланысты мемлекет тарапынан 450 мың теңге бөлді. Ауыл жастары мен кәсіпкерлер 3 миллион теңгеге жуық көмектер берді. Қазіргі таңда ауыл жастары көптеп –көмектеп қиыршық тастарына дейін жеткізіп беруде. Биылғы жылу беру маусымына дейін зардап шеккен отбасы ауылдастарының көмегімен жаңа үйге кіретін болады.

КӨКЕМНІҢ АТЫНА КӨШЕ, АТАМНЫҢ АТЫНА АУЫЛ ТӘРТІБІ ТАРИХТА ҚАЛДЫ

Жақында Бабайқорған ауылдық округінде 13 адамнан тұратын Қоғамдастық құрылды. Қоғамдастықтың алғашқы отырысының өзі ең өзекті мәселені шешіп тастады.

Ауыл әкімі Әбдімүтәліп Абдрайымовтың айтуынша, ендігі жерде көкемнің атына көше, атамның атына ауылды беріңіздер дегендердің үні өшетін болады. Себебі, жер, көше атауларын көнеден келе жатқан халық қойған есімдерімен байланыстыратын болады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді-мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» №138 Қаулысына сәйкес, Бабайқорған ауылдық округі Бабайқорған, Үлгілі, Құмайлықас, Абай елді-мекендеріндегі көшелерге атау беру бойынша қоғамдастық жиынына қатысуға құқығы бар жергілікті қоғамдастықтың мүшелері шақырылды.

Жиынға қатысқан елу адам бірауыздан ежелгі атауларға тоқтады.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Бабайқорған ауылдық округі, Бабайқорған, Үлгілі, Құмайлықас, Абай елді-мекендеріндегі атауы жоқ 8 көшеге атау қою бойынша ұсынылған: Айнакөл, Қоғашық, Бұзауқорған, Оғызтау, Бозбұтақ, Жылаған ата, Үкаша ата, Игілік көшелерінің атауларын талқылай келе жергілікті қоғамдастық жиын мүшелерімен Бабайқорған ауылдық округінің тұрғындары толықтай қолдайтындығы жөнінде бір ауыздан шешім қабылдады.

Айта кету керек, ауылдың ақсақалдары мен қоғамдық ұйымдары, ауыл әкімдігі өкілдері өзара кеңесе отырып бір жылдың өзінде қыруар істердің бетін қайтарған. Өткен жылдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қатар жатқан Бабайқорған және Майдантал ауыл округтерінде жалпы құны 199,7 миллион теңгеге кіре берістегі асфальт жолдар мен ауыл ішілік және орталық көшелердегі орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы ол жұмыс жалғасын табуда.

Кездесулерде жиі қайталанып жүрген мәселенің бірі – ауылдардың табиғи газға қосылу жайы. Аудан әкімі Ғани Құрмашұлының айтуынша бүгінгі таңда «Сауран ауданындағы Бабайқорған ауылдық округі, Бабайқорған, Абай, Үлгілі және Серт елді-мекендерін табиғи газ құбырымен қамтамасыз ету құрылысы» сметалық жобасы жасалып тиісті мекемеге өткізілген. Жалпы, сомасы 89837,686 мың теңгені құрайды.

Одан кейінгі халықты толғандыратын мәселенің бірі әрі бірегейі елді-мекендерді сапалы ауыз сумен және бау-бақшаны суаратын өзен арналарынан, тоғандардан келетін су құбырлары мен арналарын ретке келтіру жайы. Бұл жөнінде «Сауран ауданын-дағы Бабайқорған ауылдық округі, Бабайқорған елді-мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының екінші кезегіне» – 8 291,9 мың теңге көлемді қаржы қарастыру көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытудың маңызды екендігін атап өткен болатын. Соған орай, Бабайқорған ауылдық округі, Бабайқорған ауылынан спорт зал құрылысы 2021 жылы басталды. Ол нысанды 2022 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұл жөнінде ауылдықтардың ұсынысы айтылды. Соған орай, аудан әкімі тарапынан спорт кешені құрылысына өзгерістер енгізуге болатындығы қарастырылды. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2023 жылы Орталық стадионның ЖСҚ әзірленіп, 2024-2025 жылдары құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілетін болады.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы