«ДАРА ЖОЛДЫҢ» ДАНАСЫ

903 көрілім

Сауран ауданы адами ресурстарды дамыту бөлімінің бастамашылығымен орта мектептерде өмірі өнегелі жандар туралы «Дара жол» кездесуін өткізу үрдіске айналған. Жақында Сауран ауданы Бабайқорған ауылдық округіндегі Абай ауылында ұзақ жылдары орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз Бибіфатима Абдуапқызы Ерімбетованың шығармашылығына арналған «Дара жол» кездесуі өткізілді. Бибіфатиманың өзі де бұл кездесуге құралақан келмей, Абай атындағы мектепте, он үшінде ұстаз, он бесінде мектеп директоры болып, табаны күректей 40 жыл сол қызметті мінсіз атқарған әкесі Абдуап Ерімбетов туралы кітапты құшақтай келіпті. Бұған салтанатты шараға қатысушылар мен сан мыңдаған шәкірттері айрықша ризашылығын білдіріп жатты.

Ерін есіркемеген елдің ертеңі жоқ. Өткенімізге үңіліп, тарихымызды жасаймыз, келешегімізге қарап болашағымыздан үміттенеміз. Шәкірттеріне білім кәусарының тұнығынан нәр таттырып шөлдерін қандыра білген ұлағаты мол ұстаз Ерімбетов Абдуап жайлы естеліктер жинағында ауыл азаматтары, ауыл, қала, облыс оқу ағарту саласының мамандары 40 жыл бір жерде директор болған ағайдың елеулі еңбегіне өз бағаларын берген. Көршілері бұл ағайдың жомарттығы мен кішіпейілділігін, жанашырлығын алға тартса, шәкірттері Абдуап ағайларының еңбекқорлығын, жоқтан бар жасай алатын қабілетін, шешімі жоқ түйінді еш қиындықсыз тарқата білетін ардақты да абыройлы азамат екенін тілге тиек етіпті. Бұл кітап баспаға берілер алдында арамыздағы қарт журналист – Әлқадір Жұмабеков бұл еңбекке өз бағасын беріп: «Мұндағы басты кейіпкер тегін емес, тектілердің тектісі. Бұл кісі басқан әрбір қадамында мәңгі өшпес із қалдыра білген азамат екен», – деп толқынысын жасырмады.

«Жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір басқа, жігітте де жігіт бар – азаматы бір басқа» дегендей халқымыздың біртуар азаматы данышпаны, ақыны Абай Құнанбаевты шетелдіктер еске алса, «қазақ деген ел ме?» дер екен, ал өзінің тарихы бар, жері бай қонақжай дәстүрі бар қазақ елі бар дегенде «Абайдай ақыны бар ел ме?» дер екен.

Сондай-ақ, Түркістан ауданындағы Абай елді мекеніндегі Абай атындағы мектепті айтсақ, осы мектептің ірге тасын қалап, бір жерде 40 жыл директор болған Ерімбетов Абдуап көкемізді ел есіне алады. Ал, өте қадірлі, досқа мейірімді, ұлағатты ұстаз Абдуап көкемізді еске алса, ел «Абай» мектебімен байланыстырмай айта алмайды.

ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ

Бар өмірін ұстаздық жолға арнаған зейнеткер ұстаз, халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері Ерімбетов Абдуап 1928 жылы қыркүйек айында Түркістан қаласы, Абай елді-мекенінде дүниеге келіпті. Ұлы Отан соғысы шарықтау шегіне жетіп, Сталинград үшін қиян-кескі соғыс жүріп жатқан кезде ауылдық 7 жылдық мектепті жаңа бітірген жасөспірім бозбала жігітке 1943 жылдың қыркүйегінен бастап мұғалім болуына әрі мектеп басқаруына тура келді. Алғашқы ұстаздық еңбек жолын нәбәрі екі мұғалім Абдуап Ерімбетов және Әкежан Садуақасов болып бастаған ауыл мектебі көркейіп, 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін 60 мұғалім, 500 оқушысы бар, мектеп жанындағы 150 орындық интернаты бар, бау-бақшасы жайқалған аудандағы іргелі мектептердің біріне айналды. Осы жылдар аралықтарында А.Ерімбетов үздіксіз бір жерде 40 жыл мектеп директоры қызметін атқарды.

Алғаш бастауыш сыныптан басталып, одан 7 жылдық, 8 жылдық, 10 жылдық, 11 жылдық орта білім беру мекемесіне айналған оқу орнының тарихы – ұстаздық қызметке бар өмірін арнаған Абдуап Ерімбетовке тығыз байланысты. Ерімбетов Абдуап ата қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы болған. Ол педагогикалық училищені сырттай оқудан бастап, екі жылдық мұғалімдер институтын тамамдағаннан соң, педагогикалық институтта сырттай оқып, білімін көтеріп отырған.

Қиындығы мен қызығы қатар ұстаздық еңбегі ескеріліп, бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Атап айтқанда, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін берілген белгісі, мектепті жаңа оқу жылына дайындауда мектеп аралық жарыстарда озғаны үшін аудандық оқу бөлімінен алған Құрмет қағаздары, В.И.Лениннің 100 жылдық юбилейлік медалі, Отан соғысы Жеңісінің 40-50-55 жылдықтарына арналған медальдары, Қазақ ССР оқу министрлігі оқу, ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері кәсіподағының республикалық комитетінің Құрмет грамотасы, 1983 ж. Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісі, 1987 жылы 1941-1945 жылдардағы тылдағы ерекше еңбегі ескеріліп берілген. «Еңбек ардагері» белгілері ұстаздық мол еңбегінің жемісі.

Абдуап Ерімбетов зейнеткерлікке шығарда аудандық оқу бөлімінен және жер-жерден құттықтау қағаздарын алған. Соның бірінде «Бойына асқақ адамгершілікті дарытқан жан сіздей-ақ болар» деп жазыпты. Ал, енді бірінде «жасөспірімдерге, халыққа, елімізге жақсы лебізіңіз бен игі тәрбиеңізді бере беріңіз» деп тілек білдіріпті.

Қазақ ССР-ның халық ақыны атағын алған Манап Көкенов 1986 жылы Абдуап Ерімбетовке жолдаған құттықтауында:

«Ел сүйген еңбегіңмен жүзің жарқын,

Сақтай бер дақ түсірмей ұстаз салтын.

Алпыс астың, жүз жаса биік санап,

Саған басын иеді туған халқың.

Бәйтерексің миуалы гүлшоқтарың,

Алтын сандық кеудеңе сыр сақтадың.

Марапатпен бас болып семьяңа,

Мақтан тұтар көбейсін ұрпақтарың!», – деп айтқандай Алла берген ұл-қыздарын тәрбиеледі. Тұңғышы Әбілпатта (жасында шетінеген), қыздары – Бибіфатима, Знура, Шарипа, Ұмсын, Ұлбосын (9 жасында қайтыс болған), Қызқойсын, Тамара, кенже ұлы Дінмұхаммед. Қыздарынан бесеуі әке жолын қуып ұстаз болды. 18 немере 1 шөбере сүйді.

Осы Абай ауылында өткен Бибіфатима Абдуапқызының шығармашылығына және ұстаздық қызметіне арналған «Дара жол» салтанатына Қазақстанның түкпір-түкпірінен жете алмаған шәкірттерінің пікірлері мен өлеңдерін, жүрекжарды лебіздерін ұсынып отырмыз.

Қарағанды облысында хирург болып жұмыс жасайтын Нұрбол Нұрланқазыұлы Құдайберген мен ұстаздың «Дара жол» кешіне орай жазылған ақын, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі алғашқы шәкірттерінің бірі, әрі қайынсіңлісі Нақсұлу Шегебайқызы, Ащысайдағы 8-ші мектептің зейнеткер ұстазы, Мұхтар Әуезов атындағы пединституттың түлегі Жанат Сапарбекқызы жырларынан бастаймыз.

ҰСТАЗҒА СЫР

Алаңсыз ғұмыр кешкен жырменен кім,

Ширатты жігітті сын сыналайын.

Бұл ғасырға болмаса бір керегім,

Бір ғасырда менің де туады айым.

Үмітіңді арқалап елдің мұңын,

 Тағдыр мені шыңдауда шар болаттай.

Қырандай сүйген ашық еркіндігін,

Кең дүние мына ұлыңа тар қамақтай.

Сен берген кеңдік пенен тереңдіктің,

Көлемін ешкім өлшеп бере алмаған.

Мен ақынның тағдырын сенен ұқтым,

Дәл өзіңдей ешкім жас төге алмаған.

 Ұстазым жан асылым ардақ – әнім,

 Қанатыма жел бердің талмады әлі.

Сенің арқаң биікке самғағаным,

Бар жеңісім тек саған арналады.

Әлі сенің есімің шығады анық,

Қадіріндей кеш келер кей тұғырдың.

Ертең кезең келеді мына халық,

Ұлы ақынның ұстазы дейді бір күн.

Нұрбол НҰРЛАНҚАЗЫҰЛЫ, Қарағанды облысынан, хирург.

БИБІФАТИМА АПАЙЫМА

Кейде менде жүрегіммен кеңесем,

Солай сізді, Айға-Күнге теңесем.

Әліппені жаттатқызған Ұстазым,

Бұл күндері, менің Асыл Жеңешем!

Жаны нәзік, биязы екен үніде,

Көз алдымда, әлі жап-жас күйінде.

Ең алғашқы Бибіфатима мұғалім,

Сауат ашып, бағыт берген білімге.

Әлі есімде, деп бастайын жырымды,

Балалықпен айта алмаған сырымды.

Ұстаз жайлы бір естелік арнасам,

Ешкім артық демейді ғой мұнымды.

 Ұзақ жылдар білім бердің балаға,

 Еңбегіңіз еш кеткен жоқ далаға.

Сіз оқытқан шәкірттердің біразы,

 Ел танитын айналыпты данаға!

Бұл күндері, жасындасыз зейнеттің,

Қайтарымы шығар, бұл да еңбектің.

Жарық көрген кітабыңмен бір келген,

Туған күнің, құтты болсын ҚҰРМЕТТІМ.

Нақсұлу ШЕГЕБАЙҚЫЗЫ, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі.

ДАРА ЖОЛ

Сәлем бердім Қаратау заңғарынан,

Достықпенен мен бүгін аңғарылам.

Айналдым мен бүгінгі заңгерлердің,

Қазақ тілін тірілткен заңдарынан.

Тәуелсіздік тойына мақтанамын,

Бірегей мамандар көп шаттанамын.

Қазақ тілін ғылыми талдағанда,

Фатимаға жетпейді басқаларың.

Ерімбеттің ұрпағын ел біледі,

Абдуап директорды көзге іледі.

Абайдағы мұғалім ағайларын,

Танитын болар әлі талайларың.

            Іс-шараны жасаған асыл қызы,

            Найзағайдай жарқырап жасын қызы.

            Кітап жазды ол пайғамбар өсиеті,

            Әлемді шарлайтұғын қасиеті.

Фатиманың курстасы тіл маманы,

Кеудемізде қалықтап жыр барады.

Жиналған қазақ елі рахмет,

Ілтипатқа жанымнан бүр жарады.

            Ешкімге де ұқсамас «Дара жолы»,

            Болашақпен жалғасар сара жолы.

            Бұл істі қошеметтеп қол соғайық,

            Жұғысты боп ұрпаққа Аға жолы.

Өлген жоқ бұл директор баласы бар,

Фатимадай қызы бар санасы бар.

Ел есінде мәңгілік сақталады,

Кітабын шәкірт оқып ақтарады.

            Тұсауын кітабының кесіп тұрмыз,

            Рухтанып,биіктеп өсіп тұрмыз.

            Ұлы ақынның есімін алған мекен,

            Тау баурында жерұйық болған мекен.

О, Фатима тойың тойға ұлассын,

Салған әнің биіктесін қыр ассын.

Тілден,көзден сақта бізді құдайым,

Фарабидің рухы қолда ылайым.

Жанат САПАРБЕКҚЫЗЫ.

БАБАМНЫҢ ЖОЛЫ

Айқындап дала жатыр өткенімді,

Іздедім сан тарихтан өткен күнді.

Жаңарып жатыр бүгін жаңа қоғам,

Салғандай қайта әкеліп өткелімді.

            Шежіре шертіледі сырың анық,

            Барады ғасырыңда ғұмыр қалып.

            Бабамның салған жолы маған дара,

            Сендегі бар өмірді ұмытпадық!

Парақтап аштым бүгін мол парасын,

Береді жақсылыққа ел бағасын.

Үйреткен оқу білім зерделіге,

Ел ағасы Абдуап баба сен ғанасың.

            Ауыл елдің баласы талаптанып,

            Қадам басты білімге қанаттанып.

            Аша білді дердесін ой санасын,

            Жеті жылдық мектепте тұрақталып.

Дәріс беріп дін жайлы жүрегіңе,

Орындалды бір тәңірдің тілегіде.

Мұсылмандық жол менен ізет еткен,

Ерімбет бабам иман болды осы елде!

            Табылатын тарихтан ғұрыптары,

            Баба сенің ғұмырың ұлықталды.

            Ұмытылмас әкеңіздің ұстаздығын,

            Кітаптан көп адамдар біліп қалды.

Ерсұлтан МҰСТАФАЕВ.

Қаратаудың баурайындағы табиғаты тамылжыған Абай ауылының мыңдаған шәкіртін түлетіп ұшырған Бибіфатима Абдуапқызының «Директор» атты кітабының тұсаукесер рәсімі мен «Дара жол» салтанатына қатысқандар дүр сілкініп, қанаттанып қалса, қатыса алмағандар да алыстан өздерінің шәкірттік алғыстарын жаудыруда.

Ендеше, құрметті оқырман!

«Сауран» газетінің редакциясы «Дара тұлға» айдары бойынша ел ішіндегі халқының қамын жеп, қайраткерлік дәрежесіне көтерілген тау тұлғалар туралы «Дара тұлға» айдарымен очерктер мен еске алуларды жарияламақ. Осыған орай, біздің редакциямызға хат жолдап, хабарласып отыруларыңызға есік ашық.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы