Соңғы жылдары қалалықтардың арасында «сенбіде «Қара кассамыз» бар еді соған бастықтан сұранайын деп едім». «Қара кассаны осы жолы біздің үйде өткізетін едік» деген сыңайлы жайларды жиі кездестіреміз. Түркістандағы қара кассаның жайы былайша өрбиді. Жақын туыстығы бар жандар, құрбылар, қызметтестер, сыныптастардың 12-сі бірлесіп, белгілі бір сомадан араға тастап, ай сайын он мың теңгеден жинап, тізім жасап, сол бойынша кеш өткізеді. Қатысушылардың бірі жылға жетпей жұмыстан бірі босап кетсе, «Қара касса» ойналмай қалады да, қызметтестер арасында дау туындауы да мүмкін.
Негізі «Қара касса» ойыны Кеңес дәуірінен қалған. Ірі кәсіпорындар мен алпауыт компанияларда жиі жұмыстан кешігетіндер, ішімдікке әуестер, жатыпішер жалқауларды қоғам және қызметтестері алдында моральдық тұрғыда төменшіктетіп көрсету мақсатында сыртта арнайы «Қара касса» деген дүңгіршек ашып, содан айлық жалақыларын алуға мәжбүрлеген. Ондай жұмысшыларды баспасөзге, қабырға газетіне шығарып, мазақ ету дәстүрі болған. Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі жылдары қарт орыстарды деревняларда балаларының тастап кетуі жиілеген. Соның салдарынан тағдыр тәлкегіне ұшыраған жалғызілікті шал, кемпірлер өздерінің соңғы сапарына қажетті қаражатты тірнектеп жинап, сақтап отыратын болған. Бұл қаражат қаралы күнге арналғандықтан «Қара касса» деп аталған.
Ал, енді соңғы кезде әлеуметтік желілерде тез баюдың жолдарын көрсететін әрекеттер жиілеген. Соның бірі «Қазандық» және «Қара касса» ойындарына еліктеушілер жиіледі. Прокуратура «Қазандық» немесе «Қара касса» ойынын алаяқтық әрекет деп бағалады. Бұл туралы мәлімет ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтында хабарланды.
Сайттағы мәліметтерге қарағанда, соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Қазандық» немесе «Қара касса» ойынына шақырту тарап жатыр. СМС-хабарламадан белгілі болғанындай, ойынның мәні белгілі бір ақша сомасын енгізу және басқа адамдарды өзімен бірге әкелу болып табылады. Демек, ақша тұрақты түрде жаңа қатысушыларды тарту есебінен ғана түседі. Қатысушы қаражат жинап, өзімен бірге жаңа адамдарды тартады. Пирамиданың табысы еселеп өсе береді. Мүмкін, жоғары тұрғандар шынымен қомақты табыс табатын шығар. Төмендегілердің табысы желіге тартқан адамдарына байланысты шығады. Ал, пирамиданың ең төменгі жағы ештеңе алмайды. Олар тек пирамиданың жоғары сатысында тұрғандарға өз ақшасын сеніп тапсырады. Осылайша, осы схеманы ұйымдастырушылардың іс-әрекетінде «қаржылық пирамиданың «белгілері – табыс табудың алаяқтық схемасы көрінеді», – делінген хабарламада.
Бас прокуратураның мәліметтеріне қарағанда, біріншіден, жоғары табыстылық, жылдам байыту, жылдам пайда алу уәделері нарық заңдарына сай емес. Екіншіден, ұйымдастырушыларда арнайы лицензиялар жоқ, ал қаржы нарықтарындағы қызмет міндетті мемлекеттік лицензиялауға жатады. Үшіншіден, нақты инвестициялық қызмет болмағанына қарамастан агрессивті ол жарнама. Осыған байланысты, Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы заңсыз табыс табу бойынша қызмет жасаушылар мен олардың басшыларына қатысты ҚК-нің 217-бабы (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару) бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын еске салады. Прокуратура органдары ел тұрғындарына заң тұрғысынан күмәнді жолмен табыс табудан бас тартуды ұсынады.
Иса БЕРКІМБАЙ.