Балаларымызға жемқорлықтың жолын өзіміз үйретеді екенбіз. Мәселен, мектеп пен балабақшаға барғысы келмей тұрған балаға дүкеннен тәтті алып, қолынан жетектеп оқу ордасына алып барамыз. Оған үйренген ұл мен қызда бір жұмысты жасау үшін сый-сияпат алу керек деген қағида жастайынан қалыптасады-мыс. Бұл туралы ХҚТУ-да өткен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жайындағы саминарда айтылды. «Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» деген тақырыпта өткен шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен аталмыш жоғары оқу орны ұйытқы болды. Семинардың негізгі мақсаты ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруды негізге алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің жоғары деңгейін қалыптастыру. Жиынды заң ғылымдарының докторы Балғабай Нақыпов ашып, жүргізіп отырды.

«Жемқорлық – індет, оның алдын алу – міндет. Себебі, ол мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі келтіреді», – деді өз баяндамасында Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро өкілі Нұрлан Құдайбергенов.
Жиын барысында адалдық – парасаттылықтың биік шыңы екендігі айтылып, қоғамның жегі құртына айналған дерттің алдын алу шаралары талқыланды. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ҚР-ның қолданыстағы заңнамасының негіздерімен, сондай-ақ жазалаудың бұлтартпастығын қамтамасыз ететін құқықтық институттардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту, Академиялық адалдық, оқытушылардың этикасы және білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық мәселелері бойынша өз құзыреттерін арттырды. Өзара пікір алмасып, көкейкесті сауалдарына тұшымды жауаптарын алды. Семинар соңында әрбір тыңдаушыға сертификат берілді. Бұл семинар алдағы уақытта жоғары оқу орнының тәлімгерлерін толық қамтымақ.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».


