Түркістан тұрғындары үшін қоғамдық көліктер мәселесі әрдайым жіті назарда. Облыс орталығында сапасы сын көтермейтін автобустардың сапасын арттыру – бүгінде бір жүйеге тұрақтап келеді. Нақты айтсақ, халықты қоғамдық көліктермен қамтамасыз етіп отырған «Жолаушы» ЖШС-нің көлік саны артты. Жыл басында қоғамдық көліктер 16 автобуспен толыққанын сүйіншілеп жарияға жар салсақ, енді олардың қатарына Қытай елінен әкелінген «Yutong» маркалы 5 автобус қосылды.

Автобустар облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сай жасыл түспен боялған. Яғни, шаһардағы барлық қоғамдық көліктерде жасыл түс айқындалып тұруы қажет. Сондай-ақ, Түркістан қаласының логотипі белгіленген. Ұзындығы 8,5 метр. Сыйымдылығы 28 орындық, қосымша 30 адамды мінгізуге қауқарлы. Автобус ішінде жарнамалық экран мен желдеткіш қойылған. Сонымен бірге, қоғамдық көлік пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін әрбір аялдама арнайы жүйе арқылы хабарланып отыратын болады. Тіпті, алдағы жылдарда жол ақысын төлеуді цифрландыру ісі бір жүйеге келеді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау үшін артқы есігіне пандус қоюды да қарастыруда. Жаңа автобустар екі-үш күннің ішінде №5, №7, №30, №31 бағыттарында жолаушыларды тасымалдайтын болады.


«Жолаушы» ЖШС-нің жаңалығы мұнымен таусылмайды. Мекеменің атқарушы директоры Медетбек Жұмагелдіұлының сөзінше, басшылық «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен» бір мәміледе жұмыс істеуде. Демек, жыл соңына дейін Қазақстанда жасалған «Сарыарқа АвтоПром» автозауыт базасынан су жаңа 36 автобус пайдалануға берілмек. Олар шаһарға кіретін 5 бөлікті қамтитын болады.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».
