РЕФЕРЕНДУМ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ

421 көрілім

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы 22 сәуірде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өткізген болатын. Аталған кеңес отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек екенін айтты. Және Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынып, 2022 жылғы 5 маусым күні республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Президент, референдумды «маңызды демократиялық институт» деп атап, Қазақстанда «соңғы рет референдум 1995 жылы қазіргі Конституция бекітілген кезде өткенін» еске салды. Конституцияға содан бері «төрт рет түзету енгізілсе де», референдум әдісі қоданылмағанын айтты. «Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын анықтау ісіне қатысуға мүмкіндік береді» деп атап өткен Мемлекет басшысы бұл қадам елдің «демократияға бағыт алуына» ықпал ететінін халыққа жеткізді.

Жалпы, алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. Конституцияға енгізілетін өзгертулерді халыққа түсіндіру мен насихаттау мақсатында Түркістан қаласында құрамына үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары және саяси партиялар («Аманат», «Ақжол»,) өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас мамандар, қалалық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, этно-мәдени бірлестіктердің және білім саласының өкілдері, блогерлер енгізілген, өз жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп келеді.

Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру, Президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу, Парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелер қамтылған. Бұған дейін Президент өңірлер әкімдерін өзі тағайындайтын. Енді енгізілетін өзгерістер бойынша Президент өз атынан өңірдің әкіміне екі кандидатураны ұсынады. Кейін бұл кандидатураларды барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қарастырады және келісіледі. Жаңа өзгеріс жергілікті жердегі өкілдік органдардың және меморгандардың жауапкершілігін арттырады. Яғни, жауапкершілік тек Президенттің мойнында болмайды, сондай-ақ жергілікті жердегі мәслихат депутаттарының да жауапкершілігінде болады.

Енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес,Заңдарды қабылдауда өзгерістер болады. Енді Мәжіліс заңдарды қарап, оларды қабылдайды. Кейін Сенат заңдарды қарап, өз дәрежесі бойынша келісім береді. Осылайша келісім алғаннан кейін заң Президентке қол қоюға жіберіледі. Егер Мәжіліс қабылдаған заң мен Сенат келіскен заңда Президенттің енгізетін өзгертулері немесе келіспейтін тұстары болса, онда заң қайтадан Парламентке қайтарылады. Сөйтіп заң қайтадан бір айдың ішінде қаралады. Депутаттар Президент ұсынған өзгерістермен келіспесе, онда Президент бірінші нұсқаға қол қояды. Ал, егер депутаттар жауап бермесе, онда Президент өз өзгерістерін енгізіп, заңға қол қояды.

Азаматтардың фундаментальді құқықтарын қорғау саласында да айтарлықтай өзгерістер болады деп күтілуде. Алдағы уақытта гуманистік мәні бар өзгерістер болады яғни, өлім жазасы жойылады, енді адамдар тек қана өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, жеке тұлға өзі Конституциялық сотқа шағымдана алады. Яғни, егер оның Конституциялық құқықтары бұзылса, ол тікелей Конституциялық сотқа шағымдана алады. Бұл мақалада Ата Заңға енгізілетін өзгерістер туралы қысқаша тоқталып өттім. Еліміздің басты құжаты конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы заңдары да конституцияға сәйкестендіріліп өзгертілетін болады.

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен Жаңа Қазақстан құру идеялары ел болашағының дамуының даңғыл жолына түсіп, жаңа Қазақстан жаңаша өркендейтініне үміт пен сенім зор. Референдум өткізу ел тағдыры үшін өте үлкен маңызы бар. Сондықтан, баршаңызды мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін жаңа бастамаларды қолдап, азаматтық ұстанымдарыңызды білдіру үшін референдумға қатысуға шақырамын.

М.ТАҢҒАТАРОВ, қалалық мәслихат хатшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы