Референдум жарияланып, ел арасында үгіт-насихат жұмыстары басталғалы бері саяси партиялар да «тіріліп» Жаңа Қазақстанды құруға өз үлестерін қосуға кірісіп кетті. Күні кеше ғана әлемге белгілі Олжас Сүлейменов кезінде өзі ашып, саяси партияларының көшбасшылары Мұхтар Шаханов Қырғызстандағы елші, Олжас Сүлейменов Италиядағы елшілік қызметке кетуіне байланысты жабылып қалған «Қазақстанның халық конгресі» партиясын қайта тіркетуге кірісуде. Ол алғашқы Алматыда өткен баспасөз конференциясында: «жер халықтың иелігінде болуы керек. Жер ресурстарының иесі де халық. Сондықтан, жер асты байлықтарынан еліміздің тұрғындары дивиденд, үлес алып отыруы керек», – деп айтып та үлгерді. Бұл саяси пиар болғанымен халықтың жанды жерінен дөп басқан қадам.
Ал, белгілі қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев Олжас Сүлейменовтен де асып кетіп, саяси мақсатын нақтылай түсті. Саяси партияның аты – «Ел мен Жер». Атам қазақтың сонау Алтайдан Атырауға дейінгі, ұшса қыран қанаты талатын ұланғайыр аттың жалы, атанның қомында, түсі қашып, түн қатып қорғаған жерін небәрі отыз жылда алпауыт латифундистердің «бөліп ал да, билей бер» әдісімен ту-талақай етіп, қарапайым халыққа жайылымдық жер де қалдырмауына қарсы бітіспес күрес жүргізуге бет алған саяси партияның көшбасшысы Балташ Тұрсынбаевтың болуы тегіннен тегін емес. Себебі, ол Ауыл шаруашылығы министрі, жері шұрайлы Қостанай облысының әкімі, Премьер министрдің ауыл шаруашылығын қадағалайтын орынбасары қызметін атқарып, соңынан оппозицияға кетуі де көп нәрсені аңғартса керек. Бұл партиялардың референдум өткенге дейін құрылуының мәні бар. Себебі, референдумға дейін де елдің саяси сауатын, көзін ашу керек.
Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Сол себептен де ел аумағында 5 маусым күні конституциялық өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізілетін болады. Бұл еліміздің тәуелсіз тарихындағы екінші рет өткізілгелі отырған жалпыхалықтық референдум. Биылғы конституциялық референдумның айырмашылығы – Қазақстан енді суперпрезиденттік жүйеден мықты парламенті бар президенттік жүйеге көшуді мақсат етіп отыр. Қазіргі таңда бұл өзгерістер билік тармақтарындағы ара-қатынасты, саяси жүйені қайта құруды ұсынды.
Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміз жаңа ережелер мен өзгерістерден бастауды жөн көріп отыр. Нәтижесінде конституцияның 33 бабына, 56 өзгеріс енгізілетін болады. Осылайша біздің елімізде мемлекеттік басқаруда қайта құру болады. Президент ұсынған өзгерістер саяси жүйені түпкілікті өзгертеді деп айтуға толық негіз бар. Себебі, біріншіден мемлекет басшысы халықтың жалпы қоғамның мемлекеттіктің одан әрі дамуы үшін қолға алынған оң өзгеріс деп айтуға болады. Осы референдумдағы өзгерістердің барлығы қоғамның талабы, қоғамның негізгі сұранысынан туындап отыр.
Бұл референдумда сайлау құқықтарымыз кеңейетін болады. Енді кез келген Қазақстан азаматы өзінің конституциялық құқықтары бұзылған жағдайда, Жоғарғы соттан бөлек одан да жоғары Конституциялық сотқа шағымдана алады. Сондықтан мұның барлығы ескі жүйеде қалғымыз келе ме, жоқ жаңа саяси Қазақстанға шын мәнінде қадам басқымыз келе ме?
Міне, Қазақстан халқы осыған мән беру керек. Бұл шын мәнінде алдағы уақытта барлық саяси жүйенің қайта құрылуына алып келеді.
Ж.КІШІБАЕВ, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы.
