Қазір барлық үлкенді кішілі оқу орындарында, елді мекендерде Ата Заңды өзгерту турасындағы кездесулер өткізілуде. Оған қатысқан қарапайым халыққа жан-жақты түсіндірілгенімен әлі де осы мәселеге енжар қарап, «Ата Заңның өзгеруінен бізге не пайда?», – деп ойлайтын жерлестеріміз баршылық. Шындығында Ата Заңды өзгерту билік үшін емес, ең алдымен халық үшін керек. Сондықтан халық алдына шыққан штаб комиссиясының мүшелері, халық қалаулылары нақты, түсінікті сұрақтардың айналасында әңгіме өрбітуі тиіс. Өйткені, әр азаматтың түсінігі, білімі, ойы, пайымы, интелектуалы әр қилы. Тек заң тілімен қасаң түрде баяндаумен құтылу ешкімге абырой әпермейді.
Бұқаралық ақпарат құралдарына басылған Конституцияға өзгерістер енгізу туралы жобаны оқып (33 бап), түсініп жатқан адамдар пайызға шаққанда саусақпен санарлық. Олардың өзі де заңгерлер мен заң шығарушы органдардың өкілдері. Өйткені, Конституцияның «мына бабы толықтырылсын», «мына бабы осындай болып өзгертілсін», «басқа бабы алынып тасталсын» деген ұсыныстар қарапайым халық тұрмақ, кей кәсіби заңгерлердің түсінуіне қиындық тудырады. Ол үшін Ата Заңның өзін алып, болатын өзгерістерді салыстыра отырып, қарау керектігі байқалып жүр.
Шындығын айтқанда, жалпыхалықтық референдумның қарсаңында жасалған Конституцияның жаңа жобасын қарапайым халықтың бәрі қолына қалам алып, жіті тексеріп, салыстырып шығатындығына сену қиын. Дауыс беруші азамат бір, не бірнеше өзгеріспен келісуі мүмкін де, керісінше, ол басқа өзгерістермен, толықтырулармен келіспеуі де мүмкін. Сонда референдумда халық Ата Заңның жаңа нұсқасына қалай дауыс береді – сол жағы түсініксіз. Осы мәселені де кездесуге қатысушы спикерлер талдап түсіндіру керек.
Конституцияның жаңа нұсқасында «жер мен жер ресурстары халыққа тиесілі» деген бап бар. Ал, қазіргі таңда жердің көпшілігі латифундистер мен қолында билігі бар қалталылардың қолында тұрғанда бұған халықтың сенімі аздау болып тұр. Сондықтан Ата Заңда «қазақ жері ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді және ол норма ешқашан, қандай жағдайда болмасын өзгертілуге жатпайды», – деп, тайға таңба басқандай етіп жазылуы керек. Жер азаматтарға және заңды тұлғаларға тек пайдалануға беріледі, оның шарттары, тәртібі және мерзімдері заңда белгіленеді деп айқындалуы қажет.
Жаңа өзгерістің ішінде елімізде Конституциялық сотты қайта құруды толық қолдаймын. Алайда, Конституциялық соттың құрамының төрт судьясын Президент ұсынатыны және оның төрағасын Сенаттың келісімімен Президент тағайындайтыны, сонымен қатар, Конституциялық соттың төрағасының орынбасарын сол төрағаның ұсынысымен тағы да Президенттің тағайындауы – бұл сотты тәуелсіз ете алмайды, қайта билікке тәуелді етеді. Қалған үш-үш судьяны Мәжіліс пен Сенат сайлайды.
Біздегі осы Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар ертеңгі күні қарапайым халық өкілдерінің қолынан түспейтін, өздерінің Конституциялық құқығын қай жерде де қорғай алатындай нақты да түсінікті, әрі мүлтіксіз орындалуға жататын құқықтық акт болуға тиіс.
Ә.АШИМБЕКОВ, ЖСДП Түркістан облыстық филиалының төрағасы.
