«Түркістан арена» спорт аренасында ҚР Мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл толуына және «Бұқаралық ақпарат құралдары күніне» орай БАҚ өкілдері арасында облыстық спартакиада басталды. 7 спорт түрінен бақ сынайтын бәсекеге облыс бойынша 8 команда қатысуда. Спартакиаданың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, «Amanat» партиясының облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев, сондай-ақ, ҚР Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Ғ.Елшібай қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыстың алғашқы күнінде қазақ күресі, үстел теннисі, бильярд және шахматтан өткен тартысты ойындар нәтижесінде аудандық, қалалық БАҚ өкілдерінен құралған «Тұран БАҚ» командасы 7 жүлде еншіледі. Тарқатып айтсақ, үстел теннисінен қыздар арасында «Algabas» газетінің дизайнері Бурханбек Мария 3-орынды, ал ерлер арасында «Отырар алқабы» газетінің фототілшісі Оспан Сәрсенбек 4-орынды, сондай-ақ, «Түркістан» газетінің тілшісі Дәурен Тілеухан 1-орынды, иеленсе, қазақ күресінен 74 келі салмақта «Шамшырақ» газетінің баспагері Құрбанбаев Бақберген 2-орын, 90 келі салмақта «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы Сәрсенов Ғалымжан 2-орынды қанжығалады. Сонымен қатар, шахматтан ерлер арасында smm маманы Асхат Шотаев 2-орынды, қыздар арасында «Шамшырақ» газетінің дизайнері Раушан Макашева 3-орынды және бильярдтан «Түркістан» газетінің редакторы Үмітбек Бағыдат 4-орынды, Жакашев Қанат 3-орынды иеленді.

Айта кетейік, «Бұқаралық ақпарат құралдары күніне» орай өткізіліп жатқан спартакиаданың жалғасы маусым айының 17-18 күндері өтеді. Спартакиаданың екінші жартысында БАҚ өкілдері шағын футбол, волейбол және арқан тарту спорттарынан сайысқа түспек.
Байрақты бәсекеге қатысушы әріптестерімізге алдағы додаларға сәттілік тілейміз! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
“Түркістан ақпарат”
