Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Құсшы-ата ауылдық округіне қарасты «Балауса» лагерінде аудандық белсенді жастармен кездесті. Кездесу Сауран аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен табиғат аясында еркін форматта өтті. Жиынға ауданның түкпір-түкпірінен республикалық турнирлерде топ жарып жүрген жас спортшылар мен әншілер және робототехника саласында еңбек етіп жүрген жас өнертапқыштар қатысып, өздерінің жетістіктерін көрсетті.

«Мемлекетіміз даму жолының жаңа бағдарына бет алды. Елімізде орын алған саяси оқиғалар мен өзгерістер мемлекетімізді жарқын болашаққа бастайтыны сөзсіз. Әсіресе жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылады деп сенеміз. Сіздер жас болсаңыздар да еліміздің дамуына үлкен қоса аласыздар», деді аудан әкімі жастарға үлкен сеніммен.

Кездесуде жастар аудан әкіміне түрлі сұрақтар қойып, өз ойларын айтып, пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, өнерлі жастар күмбірлете күй тартып, әсем ән шырқап, би билеп өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

“Алда келе жатқан референдумнан да көп дүние күтеміз. Бүгінгі кездесуде 18 жастан асқан азаматтар мен азаматшалар да отыр. Кейбір жастарымыз сайлауға бірінші рет қатысқалы жатыр. Бұл сайлау дегеніміз адамның өз құқұғын, өзінің пікірін дауысқа салу болып табылады. Конституцияның үштен бір бөлігі, яғни 33 бабына өзгерістер енгелі жатыр. Алдағы уақытта халыққа тиімді, пайдалы дүниелерге өзгерістер енеді”, деді Ғани Құрмашұлы референдумға байланысты өзгерістер жайында өз пікірін білдіре отырып.
Шапағат ҒАЙБУЛЛА.