Құрметті түркістандықтар!

1  146 көрілім

Сіздерді еліміздің мерейлі мерекесі Ата Заңымыз – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Өздеріңізге белгілі, осыдан 24 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында тәуелсіз әрі мызғымас еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау халық таңдауына берілді және әрбіріміздің қолдауымыздың нәтижесінде осы құжат бүгінге дейін бізді алға жетелеп жүр. XX ғасыр соңында, яғни, 1995 жылы тәуелсіз еліміз өзінің зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет екендігін танытты. Осынау сындарлы аралықта адам мен азаматтың конституциялық мәртебесі белгіленді, экономиканың негіздері айқындалды. Бүгінде ол істер нәтижелі жемісін беруде.
Бұл аралықта талай қиыншылықтар, экономикалық дағдарыстар мен саяси сындарды бастан өткіздік. Десе де, біз әрбір қиындықты бекем бірліктің, жұдырықтай жұмылған татулықтың нәтижесінде жеңіп отырдық. Уақыт өте бәсекелестік талаптары да күшейді. Адамзат жаңашылдықты ту еткен экономикалық, технологиялық, ақпараттық және мәдени орта қалыптасты. Тіпті, күн санап дамып, бізді таң қалдыруда. Біздер бұл ортаға бейімделіп қана қоймай, Елбасының бастауымен XXI ғасырдағы ең озық 30 елдің қатарына кіруді ұлы мақсат еттік. Бұл ұмтылысымыздың нәтижесінде, бүгінде бір жылдан асқан өңірімізде барлық салалар бойынша нәтижелі істер атқарылуда. Облыс орталығы атанған Түркістан да осы мақсатта мейлінше алға қарай қадам басып жатыр. Ел кәдесіне жарар ғимараттардың іргесі қаланып, нағыз құрылыс аймағына айналды. Елбасы, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің де назары – рухани мекенде. Демек, киелі шаһарды гүлдендіру, көгалдандыру, жандандыру, елімізде алар ерекше орнын қалыптастыру әрбіріміздің міндетіміз. Осы даму үдерісін тоқтатпасақ, алдыңғы қатарлы, әлем мойындаған Қазақстан Республикасын қалыптастыруда жасаған бірден бір нәтижелі жұмысымыз, жетістігіміз болмақ.
Қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі ұлғайту – Конституцияның негізгі міндеті. Ал, Ата Заңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, консти­ту­ция­лық құндылықтарды қорғау – әрбір тұлғаның парызы мен міндеті. Осы ретте, әр азаматтың ойында осы парыз бен міндет әрдайым орнығар болса, онда Қазақстаннан асқан қуаты мықты ел болмайды.
Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Ендеше, осы құндылығымыз еліміздің қарыштап дамуына одан әрі серпін беріп, тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз жылдан-жылға ұлғайып, нығая берсін! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілейміз! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы