АТА ЗАҢЫМЫЗДЫ АЙБЫНДЫ ЕТКЕН 24 ЖЫЛ!

1  573 көрілім

Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің мəдениет сарайында облыстық мəдениет басқармасының ұйымдастыруымен “Тəуелсіздік тірегі – Ата Заң” атты салтанатты кеш өтті. Жиынға облыс əкімі Өмірзақ Шөкеев, қала əкімі Рашид Аюпов жəне өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, тарихи күннің маңыздылығына тоқталды.


  “Құрметті түркістандықтар, Сіздерді Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл Ата Заңның қабылданып, қолданысқа енгеніне 24 жыл болды. Осы жылдар ішінде біз барынша тұрақты, экономикалық даму үдерісін алға қойған мемлекет құруда орасан зор жетістікке қол жеткіздік. “Тəртіпсіз ел болмайды, тəртіпке бағынған құл болмайды” деген Б.Момышұлының қанатты сөзі бар. Əрбір жанның Конституцияға деген құрметі мен жауапкершілігі осы Ата Заңымызда айқындалып тұр. Құрметті қауым, еліміздің Ата Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, тарихи дамуымыздың жалпы ұлттық бағдарын айқындауда басты мəнге ие. Осындай айтулы күнде барлықтарыңызға еңбектеріңізге жеміс, жанұяларыңызға жақсылық тілеймін”, – деген өңір басшысы Ө.Естайұлы облысымыздың өркендеуі мен Арыс қаласын қайта қалпына келтіру барысында арнайы Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Тараз, Қарағанды,  Павлодар қалаларынан өз қалауымен көмек көрсетіп, еселі еңбек  еткен қызметкерлерге грамоталар мен сый-сияпаттар табыс етті. Сонымен қатар, шара аясында мемлекеттік қызметке қабылданған жас қызметшілер мемлекеттік қызмет атқаруда елдің Конституциясы мен заңдарын сақтауға ант берді.


  Салтанатты шарада өңірлік Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, “Сүгір” атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, эстрада əншісі, жерлесіміз Жұбаныш Жексенұлы, сондай-ақ өзге де ансамбльдерден 150-ден астам өнерпаздар өнер көрсетті. Ал, жиын соңында облыс əкімі атынан ықылас гүлі тарту етілді.


  9 бөлім, 98 баптан тұратын Ата Заңды білу, ондағы қағидаттарды берік ұстану – əрбіріміздің міндетіміз. Кез келген тəуелсіз ел үшін қажеті зор Конституция – бүгінде əл-ауқатымыздың жоғары, келешегіміздің кемел, іргеміздің берік болып, халықтың қолайлы ортада өмір сүру бағытын айқындаған.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы