Бүгін «Ата заң» мерекесі қарсаңында облыс орталығының тұрғындары қуанышқа кенелді. «Отырар» мөлтек ауданында бой көтерген 5 қабатты 11 үй әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен баспанаға мұқтаж жандарға пайдалануға берілді.
Пәтер кілтін табыстау рәсіміне арнайы қатысқан аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев жуық арада жаңа үй қожайындарының саны артатынын айтып, сүйіншіледі. Онға жуық жанға баспана кілтін ұсынған өңір басшысы тұрғындар және қала әкімі Рашид Аюповпен бірге пәтер ішін аралап көрді.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған жаңа ғимараттың барлық инфрақұрылым жүйесі үйлесім тапқан. Су, жылу, жарық мәселесі сынды қажеттіліктері барлық талапқа сай.
Бөлмелер санына тоқталсақ, мұнда 1 және 2 бөлмелі – 330 пәтер болса, қалған 330 пәтер – 3 бөлмелі.
Заманауи пәтерге қол жеткізгендердің бірі Уәлихан Өтжанов енді 1 бөлмелі пәтерге қоныс аудармақ. Зейнеткер шағын болғанымен осындай 165 пәтердің бірінің бұйырғанына риза.
Алып құрылыс алаңына айналған шаһарда ел игілігі үшін жыл соңына дейін тағы да 5 қабатты 9 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».