Былтырғы жылдың тамыз айынан бастап қаламызда мемлекеттік қызметші болу үшін тест тапсыруға арналған тестілеу орталығы жұмысын бастаған болатын. Мұнда күнделікті өз мүмкіндігін қолдануға ниет білдірген 10-15 азаматқа қызмет көрсетіледі. Ал, үміткерлер тарапынан арыз-шағым түсіру деректері тіркелмеген. Тестілеу рәсіміне «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқарудың ұлттық орталығы» АҚ-ның қызметкері бақылау жасайды.

Компьютерлерге веб-қамералар, залға бейнебақылау құрылғылары орнатылған. Жыл басынан бері тестілеу кезінде бір азамат кезекті сұрақтың тиісті жауабын смартфон қолдану арқылы білуге әрекеттеніп, ереже талаптарын өрескел бұзған. Акт толтырылып, оқиға кейіпкері 6 айға тестілеуге қатысу құқығынан шеттетілген. Сала мамандарының сөзінше, Түркістан облысы бойынша Сарыағаш, Шардара, Келес, Мақтаарал сынды аудан азаматтары жол ұзақтығына байланысты Шымкент қаласының тестілеу орталығына жүгінеді.


Дайындық дейгейіне көз жеткізу мақсатында ақылы түрде тестілеуден өтуге болады. Бұл заңнамалар бойынша біліміңізді пысықтаған соң мемлекеттік тестілеуден өту жеңілдей түспек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент қызметкерлері де үміткерлерге бағыт-бағдар сілтеу тұрғысында кеңестер беріп отырады.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».