Бүгін, яғни сенбі күні қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ерлікке тағзым» атты қала аумағында кең көлемде бүкілқалалық сенбілік ұйымдастырылды. Күн сайын көркейіп келе жатқан Түркістанның ажары оның тазалығына байланысты. Қаланың таза, әдемі, жасыл желекке оранып тұруы, әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Шаһардың шырайын келтіріп, көшелердің көркін жүргізу үшін тазалық жұмыстарын жүргізу аса маңызды.

Акцияда Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, Түркістан жоғары медицина колледжінің директоры Ғ.Бимурзаев, жастар атынан медицина колледжі жастар ұйымының маманы Б.Сейітжанов сөз сөйлеп, барша түркістандықтар қала тазалығына жауапты екенін айта келіп, акцияда қала тазалығын жоғары деңгейде ұйымдастыруға шақырды.

Сенбілік акция Қ.А.Ясауи кесенесі аумағынан басталып, ондағы жиналып қалған қоқыстарды тазалаудан бастады. Бұл жолы тазалық жұмыстарына шыққан орта арнаулы оқу орындарының жастары белсенділік танытып, бел шешіп іске кіріскенін байқадық. Бұл күні жалпы акцияға 400-ге жуық колледж студенттері мен 20-дан аса техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек, қаладағы барлық мекеме қызметкерлері, мектептер мен балабақшалар, қаламыздағы орталық көшелерінен бөлек, өздеріне бекітілген аумақты тазалап, жол жиегіндегі талдарды әктеп, осы күні қаламыз бір еңбек майданына айналды.

Қаламыздың осылай көрейіп жатқанын көріп қала тұрғындары ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Қала әкімі бас болып, қаламыздың тазалығына мән беріп, оны халық болып жалғастырып жатқаны әрине сүйсінерлік жай. Әсіресе, қаланы, ауыл-аймақты көгалдандыруға көп көңіл бөліп, соған бар күшті салуымыз керек. Сонымен қатар, қаладағы мемлекеттік мекемелер, білім бөліміне қарасты мектептер, орта арнаулы оқу орындары және әрбір қала тұрғындары өздерінің аумақтарын тазалап, ағаштарын әктеп мұнтаздай таза ұстауға күш салып, әр аптада тұрақты сенбіліктер өткізуді қолға алса өте орынды болар еді.
Кез-келген жердің тазалық көрсеткіші сол жерді мекендейтін тұрғындардың мәдени деңгейін көрсетеді. Ендеше, тазалық жұмыстарына дәрменсіздік танытпай, әрдайым жауапкершілікпен қарайық түркістандықтар дегім келеді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
