Бүгін Түркістан қаласындағы Спорт кешенінде Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен 2022 жыл Балалар және “ТМД халық шығармашылығы мен мәдени мұра жылы” мерейлі жылына арналған грек-рим күресінен 2006-2008 және 2008-2010 жылғы жасөспірімдер арасындағы КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы Х.Б.Аққалиевті еске алуға арналған ашық республикалық турнирі басталды.

Грек-рим күресінен өтіп жатқан сайыстың шымылдығын Түркістан қалалық мәслихат депутаты, спортшы жастардың жанашыры Ғаппар Сәрсенбаев ашып, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Бақытжан Әзіретұлы, Түркістан облысы «Ауған соғысы ардагерлер мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Запар Абдураймов, Қ.Р еңбек сіңірген әртісі, самбо күресінің шебері Ерболат Тоғызақов және басқа да самбо күресінің майталмандары қонақ болып келіп, қатысты.

Шара барысында Қазақстанның жастарын әскери-патриоттық тәрбиелеуде белсенділік танытқаны үшін Бауыржан Момышұлының төсбелгісімен самбо күресінің шебері, мәслихат депутаты Ғаппар Амантайұлы, әртіс, спортшы Х.Аққалиевтың шәкірті Ерболат Қасымұлы, ережесіз жекпе жектен әлем чемпионы Бекзат Жасия, ХҚТУ профессоры, самбо спорт шебері Әбсадық Халиллаев, грек-рим күресінің шебері Александр Колесниковтар мен тағы да басқа спортшылар марапатқа ие болды.

“Жарысқа Түркістан, Нұрсұлтан қаласы, Алматы, Қарағанды, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан 300 ге жуық спортшылар келген. Жарыстың дәрежесі үлкен. Бұл сайыстан бірінші орын алғандар спортшы шеберлеріне үміткер ретінде атақ алады. Бүгін Азия чемпиондары мен еліміздің чемпиондары күресіп жатыр”, деді аға жаттықтырушы Нұржан Асылбеков.

Грек-рим күресінен өтіп жатқан жарыстың нәтижесі ертең белгілі болмақ. Қатысушы спортшыларға сәттілік тілейміз!
Шапағат ҒАЙБУЛЛА.
