Кентау қаласында 1 ғана соғыс ардагері қалған. Рашид Аюпов Жеңіс күніне орай қаладағы ардагерді жеңіс күнімен құттықтап, мемлекеттен бөлінген 1 млн. теңге сыйақының сертификаты мен облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.
— Қадірлі ардагер, біз сізбен мақтанамыз, марқаямыз. Өскелең ұрпаққа тыныш заманды сыйлаған батырларымыздың ерлігі мәңгі ұмытылмайды. Барлық ерен еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды айтамын, — деді қала әкімі.

Ардагер Бадан Туребаев 1924 жылдың 13 қарашасында Түркістан облысында дүниеге келген. 1944 жылы 15 қазанда әскер қатарына шақырылды. 4 ай әскери дайындықтан өткен соң Беларусь майданында жорық жолы басталып, ауыр шайқаста ерекше ерлігімен көзге түскен. Сондағы жанқиярлығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Жорық жолы Берлинге дейін жалғасты. I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталған. Соғыстан соң 1948 жылы Норвегияның шекарасында болып, елге 1950 қараша айында оралып еңбекке араласты. Кентау қаласындағы Мырғалымсай кенішінде ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешіп, 98 жасты алқымдап отырған абзал ақсақал 5 перзентінен 16 немере, 15 шөбере көріп отыр. Соғыс жылдарында қолына қару алып майданда жүрмесе де, сол сұрапыл соғыста жер жыртып, мал баққан тыл ардагерлерінің де еселі еңбектері орасан.
