ҰЙЫМШЫЛ, ЕҢБЕКҚОР МЕКТЕП ҰЖЫМЫ

761 көрілім

«Мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдіске табан тіреп шектеліп қалуға болмайды…», – дейді Жүсіпбек Аймауытов.

XXI ғасыр – ғарыш пен білімнің жарысқан заманы. Заман талабына сай зерделі, дарынды, шығармашыл, қоғамға лайық жан-жақты тұлғаларды дайындау – ғасыр үлесіндегі игі істердің бірі де, бірегейі. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мақсаттарының бірі – дүниежүзілік білім әлеміне ену болып отыр. Бұл салада білім беру ісінің мазмұнын жаңа бағытқа бұрып, құрылымдық жүйесін жаңарту, өзгерістер енгізу, яғни, білім реформасын жүзеге асыру алғы-шарттары қолға алынғаны белгілі. Білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалып отыр. Яғни, жаңартылған білім беру мазмұнының маңызды міндеттерінің бірі – функционалды сауатты оқушыны қалыптастыру. Функционалдық сауаттылық — адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Жалпы, функционалдық сауаттылық дегеніміз не? Функционалдық сауаттылық дегеніміз — адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы.

Бүгінгі таңда қадірлі ұстазымыз, Мамадалиева Махсуда Бабажановна басшылық етіп отырған «Иқан» жалпы орта мектебінде де функционалдық сауаттылық кеңінен орын алған. Басты мақсат – Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Мұнда оқушылардың белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлауы, шешім қабылдай алуы, өз кәсібін дұрыс таңдай алуы, өмір бойы білім алуға дайын болуы сияқты сапалары басшылыққа алынған.

Сол тұрғыда 2021-2022 оқу жылының 19 сәуір күні «Иқан» жалпы орта мектебінде «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген ұранмен қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінде «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында АКТ-ны тиімді пайдалану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» тақырыбында аудандық семинар болып өтті. Мектеп директоры Мамадалиева Махсуда ханымның жетекшілігімен аудандық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Семинарға қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері Динара Нұсқабаеваның басшылығында 35 мектептен қонақтар келді.

Семинарда өз жұмысын жетік меңгерген ұстаздарымыздан Шадибекова Эленора 11 «В» сыныбында Сайын Мұратбековтың «Телі өскен ұл» повесі, Камалова Машхура 9 «А» сыныбында «Тарихы тамырлас елдер», Сәрсенова Гүлбану 6 «Ә» сыныбында «Отырар кітапханасы», Камалова Гулчехра 6 «В» сыныбында «Қазақтың зергерлік өнері», Усманова Жамилахан 5 «А» сыныбында «Бір атаның балалары», Нарметова Зарина 2 «В» сыныбында «Гүлге су құямыз» тақырыбында ашық сабақтарын ұйымдастырса, жас мамандарымыздан Жаббаркулова Гулбахар және Каюмова Ферузабанулар 10-11 сынып оқушыларымен «Кітап – рухани байлығымыз» тақырыбында аукцион сабақ өткізді.

Сабақ барысында ұстаздарымыз «Ойлаудың алты қалпағы», «Бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Түртіп алу», «РАФТ», «Жуан жəне жіңішке сұрақтар», тағы басқа сол сияқты әдістерді қолдана отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруда АКТ-дан тиімді пайдаланды.

Келген қонақтар өздерінің құнды пікірлерін білдіріп, ерекше көтеріңкі көңіл-күйге бөленгендерін айтты және достығы жарасқан мектеп ұжымына өз ризашылықтарын білдірді. Соның бірі әдіскеріміз Нұсқабаева Динара ханым мұғалімдердің оқушылармен қарым-қатынасы өте жақсы екендігін және соның дәлелі – оқушылар сабақта еркін отырғандығын, әдістемелік пән бірлестіктегі мұғалімдердің ұйымшыл, бір-біріне қамқор екенін байқағанын сүйсініп айтып өтті.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» – деген ұлы Абай бабамыз. Жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз. Ұстаздар – жастардың болашағын айқындайды, бүгін еккен дәндері  ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектерін ескере отырып, құрметті әріптестерімізге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстары және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріне толымды табыс тілейміз.

Г.МУСЛИМОВА, Иқан жалпы орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы