- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков журналистермен кездесті. Ауданның бір жылдығына орай, өткен брифингте әкім барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Оның айтуынша жыл бойы халықпен өткен кездесулерде 124 мәселе көтерілген. Бүгінгі таңда аталған мәселелердің 68-і шешімін тапқан.

АУДАН ҚҰРУДАҒЫ МАҚСАТ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУ БОЛДЫ
Ғани Құрмашұлының пайымдауынша, Сауран ауданын құрудағы басты мақсаттардың бірі ауылдық округтердегі саяси тұрақтылықты сақтау. Сауран ауданы құрылғанға дейін ұлттар арасында түрлі қақтығыстар болды. 2020 жылдың 20 шілдесінде Шорнақ ауылдық округі Қосмезгіл елді-мекенінде республика көлемінде үлкен резонанс тудырған оқиға орын алған еді. Аудан құрылғанға дейін 12 ауылдық округте ұлттар арасындағы тұрмыстық қақтығыстар бойынша 21 оқиға тіркелген. Ал, аудан құрылған 1 жыл ішінде 3 оқиға ғана тіркелді.
Мемлекет басшысының Жолдаулары мен тұжырымдамалары бойынша жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде этносаралық тұрақтылық орнап, халықтың ынтымағы мен бірлігі нығая түсті. Сауран ауданына қарасты барлық ауылдық округтерде 2021 жылы ұлтаралық татулықты сақтау мақсатында 72 кездесу өткізіліп, 4000-ға жуық елдімекен тұрғындары қатысқан.
Ауданда Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау жұмыстары да қарқынды жүруде. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, Жоспарға сәйкес, ауылдық округтер мен мекемелерде Жолдауда айтылған міндеттер мен мақсаттар туралы кең көлемде талқылау жиыны өткізіліп, жергілікті газетке бірнеше мақалалар жарық көрді. Аудан әкімдігі мен Ақсақалдар алқасының ұйытқы болуымен ауылдық округтердегі ауызбіршілік пен тұрақтылықты сақтап, тазалық пен тәртіпті қадағалау мақсатында әр ауылға көше белсенділері тағайындалды. Көше белсенділері мен ақсақалдары елді-мекендегі тазалық жұмыстарын жүргізіп, тұрғындар арасында болған кикілжіңдер мен мәселелерді шешуде белсенді жұмыс жасап келеді.
Сауран ауданында «Парасат» пікірталас клубы құрылған. Қазіргі таңда әр ауылдық округте айына 1 рет «Парасат» пікірталас клубының отырысы өтіп, қоғам белсенділері мен ауыл тұрғындары көкейіндегі мәселелерін айтып, ауданның дамуына бірге атсалысуда.
КӨГІЛДІР ОТЫН КӨП АУЫЛҒА КІРГІЗІЛУДЕ
Биылғы жылы Сауран ауданына тұңғыш рет табиғи газ келді. Үшқайық ауылдық округі Теке елді-мекеніне газ берілді. Мамыр айында ауылдық округтегі қалған 3 елді-мекенге газ қосылатын болады. Қазіргі таңға, табиғи газ құбырымен Ескі Иқан (толығымен), Жаңа Иқан (Ибата, Ойық), Шаға (Бершін төбе, Шаға, Ынтымақ) ауыл округтері қамтылған. Бүгінгі таңға «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мен «ИнтерГаз Орталық Азия» АҚ-ның нысанға берілген кемшіліктерін мердігер мекеме өз есебінен толығымен қалпына келтірді. Атқарушы техникалық құжаттары (ИТД) алынған, газ қосуға дайын, ендігі кезекте «ҚазТрансГаз» АҚ-ы тарапынан аталған 11 елді-мекенге газ беруге көмек берсе және өздерінің тарапынан «ИнтерГаз Орталық Азия» АҚ-ға ықпал жасаса, елді- мекендерге газ берілетінін жеткізді.
2022 жылы Сауран ауданына қарасты Қарашық, Жүйнек ауылдық округтерін және Ораңғай елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлдіруге жобалау-сметалық құжаттамалары «Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» ұсынылды. (жобалардың жалпы құны – 6 775,652 млн.теңге).
Шорнақ ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласының әкімдігі тарапынан жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған 6 ауылдық округке табиғи газбен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қажетті сәулет-жоспарлау тапсырмасын (АПЗ) дайындалып, ЖСҚ-ын дайындауға бюджеттен – 393,103 млн.теңге қаржы бөлдіру қажет.
САПАЛЫ АУЫЗ СУҒА ҚОЛЖЕТІМДІ
Сауран ауданына қарасты 35 елді-мекеннің 31-не 2009-2019 жылдары Түркістан қаласының және Кентау қаласының тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,6%-ды құрап отыр. (Елді мекендер бойынша 88,5%).
Сауран ауданы бойынша 3 елді-мекенде (Егізқара, Қаратөбе, 32-разъезд) тұрғын үйлер бір-бірінен алыс орналасқан және ауылдық округ орталығынан халқы мал шаруашылығымен айналысу мақсатында шалғайға қоныстанған. Тұрғын үй саны және халық санының жеткіліксіз болуына байланысты экономикалық жағынан тиімсіз деп саналып, ауыз су құбыры жүргізілмеген.
Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ойық елді-мекенінің тұрғындарын сапалы, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы, Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді-мекеніндегі сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы басталады. Сметалық құжаттаманы түзету» нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, 2022 жылдың 1 наурызы күні №ГНЭ-0001/22 сараптаманың оң қорытындысын алған. Нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуге – 259,518 млн. теңге қаржы бөлдіру қажет.
Сонымен қатар, 6 елді-мекеннің ауыз су жүйелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге мердігерін анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Жалпы құны – 143,203 млн. теңгені құрап отыр.
АБАТТАНДЫРЫЛУҒА КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ
Сауран ауданын абаттандыру саласы бойынша 2021 жылға «Түркістан облысы, Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округ аумағынан өтетін «Батыс Еуропа және Батыс Қытай» трассасы бойынша абаттандыру нысанына – 161 млн. теңгеге және Шорнақ елді-мекеніне сквер орнату нысаны бойынша – 75 млн. теңгеге сметалық құжаттамалары әзірленіп, бүгінгі таңға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Және де Шорнақ елді-мекеніне кіре беріс стелла орнату құрылысы нысанына 97 млн. теңге және Шорнақ елді-мекеніндегі саябақ құрылысы нысанына 214 млн. теңгеге сметалық құжатнама әзірленіп, құрылысы 2022 жылы жүргізілетін болады. Сонымен қатар, 2022 жылға Сауран ауданының 4 ауылдық округтегі 5 елді-мекенге балалар алаңы, футбол алаңы және воркаут орнату жоспарлануда. 1 нысанның сметалық құны – 30 млн. теңге, жалпы құны – 150 млн. теңгені құрайды.
ЖОЛ САПАСЫ РЕТТЕЛІП КЕЛЕДІ
Сауран ауданы бойынша аудандық маңызы бар – 119,3 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 68 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал, ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы – 625 шақырым. Жақсы және қанағаттанарлығы – 403 шақырым.
2022 жылға Сауран ауданында 36 шақырымды құрайтын автожолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған – 2198,252 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде орташа жөндеу жұмыстары бойынша аудан орталығы Шорнақ елді-мекенінің 6 шақырымдық орталық көшесі Т.Сүлейменов және Шаяхметова көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, сметалық құны – 888 607920 теңге. Алдағы уақытта орындалатын орташа жөндеу жұмыстары Шорнақ елді-мекенінде жаңа салынып жатқан мектепке апарар жолды орташа жөндеу жұмысы ұзындығы – 0,84 шақырым сметалық құны – 35,0 млн теңге, Оранғайда спорт мектебіне апаратын жолды орташа жөндеу ұзындығы – 0,75 шақырым сметалық құны – 33,0 млн теңге, Жүйнек елді-мекеніндегі Түркістан көшесіне аяқжол салу 1,9 шақырым, сметалық құны – 12,144 млн теңге, Ескі Иқан ауыл округіндегі Шарап ата көшесін орташа жөндеу 1,0 шақырым, сметалық құны – 29,879 млн. теңге, Майдантал елді-мекенінен Егізқара ауылына апарар жолды ағымдағы жөндеу 10 шақырым, сметалық құны – 41,0 млн. теңге,
Серт елді-мекеніндегі Рахимов көшесін орташа жөндеу ұзындығы 5,3 шақырым, сметалық құны – 31,985 млн. теңге, Теке елді-мекеніндегі Абай көшесін орташа жөндеу ұзындығы 1,3 шақырым, сметалық құны – 21,656 млн. теңге, Жібек Жолы ауыл округіндегі Сауранбаев көшесін орташа жөндеу ұзындығы 1,0 шақырым, сметалық құны – 30,0 млн. теңге. Күрделі жөндеу жұмыстары бойынша Құсшыата елді-мекенінен Әуежолға дейінгі жолды күрделі жөндеу жұмыстары 7,5 шақырым, сметалық құны – 1074979835 теңге.
Ауданға қарасты облыстық маңызы бар автожолдарда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тарапынан 58 шақырымды құрайтын 3- нысанға 1538,449 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, «Самара-Шымкент» автожолынан Ынталы ауыл округі автожолын (КХ-95) 20 шақырым жолы (сметалық құны – 407,553 млн теңге), «Самара-Шымкент» автожолынан Жүйнек автожолын (КХ-115) 13 шақырымы (сметалық құны – 299,246 млн теңге) және Бірлік-Қарашық (КХ59) автожолының 25 шақырым (сметалық құны – 831,650 млн теңге) жолдары орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қосымша КХ-58 Үшқайық-Шорнақ-Бабайқорған автожолының Шорнақ ауыл округінің ішінен өтетін 6 шақырым жолына жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Оранғай-Қосқорған автожолына күрделі жөндеу жұмыстарына сметалық құжат әзірлеуге конкурс өткізілуде. Сметалық құжат дайындау жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтау көзделген. Ал, жолды жөндеу жұмыстары 2023 жылға жоспарлануда.
ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Сауран ауданы» логотипін әзірлеуіне байқау қайта жарияланады. Аудан әкімдігінің өкімімен «Сауран ауданы» логотипін әзірлеу жұмыстарын ұйымдастыру, өткізу жөнінде комиссия құру туралы» 2021 жылғы 25 маусымдағы өкіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» өкімімен комиссия құрылып, 30.09.2021 жылы байқау өткізіліп, қорытындысы шығарылып, Сауран ауданының логотипі қолданысқа енгізілді.
Шорнақ елді-мекенінің бас жоспарын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен (ПДП) және топографиялық түсірілімін әзірлеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 94 млн. теңге қаржы қаралып, мердігер «ARCHBUILDGROUP» ЖШС-гімен әзірленуде, ағымдағы жылдың I жарты жылдығында аяқтау жоспарлануда.
Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылдық округі, Шорнақ елді-мекенінен 38 га жер бөлініп, мемлекет меншігіне қайтарылып, бұл жерге «Аудандық әкімшілік-іскерлік орталығы» құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, (КНБ), (Прокуратура), (Полиция) және аумақтық органдарының ғимараты құрылысы және инженерлік инфрақұрылым құрылысы жобалары мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
Сонымен қатар, аудан орталығы Шорнақ елді-мекенінде 4 автомашинаға арналған өрт депосы, 200 орындық аудандық орталық аурухана, 500 орындық мәдениет үйі, спорт комплексі құрылыстарының жобалау-сметалық құжаттарын (ЖСҚ) қаржыландыру бойынша 2022 жылдың облыстық бюджеттік жоспарлаудың сессиясына ұсынылған.
Сауран ауданы бойынша – 35 елді-мекен бар. Оның ішінде тұрғындарының саны – 5000 адамнан асатын 6 елді-мекен және тұрғындарының саны – 5000 адамға дейінгі 19 елді-мекен бас жоспармен және құрылыс салу мен елді-мекендерді дамыту схемасы, оңайлатылған жоспарлармен қамтылған. Қамтылғаны – 25 елді-мекен болса, қалған 10 елді-мекенге дамыту схемасы, оңайлатылған жоспар әзірлеуге 2022 жылға аудан бюджетінен 50 млн. теңге қаралып, конкурс рәсімдері жүргізілуде.
ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ЖҮЙЕСІ ҚАРҚЫН АЛУДА
Түркістан қаласының аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында жаңа технологияны пайдалана отырып жаңбырлатып, тамшылатып суару жүйесін орнату бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2021 жылы 782 га жерге жалпы құны – 790 млн. теңге болатын жаңбырлатып суару жүйесі орнатылса, одан бөлек биылғы жылы 1117 гектарға жалпы құны 1,14 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Былтыр 400 гектарға тамшылатып суару жүйесі құрылса, биылғы жылы 200 га қосылып, 150 пайызға артты.
Күзде Түркістан магистралды каналына жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты күздік бидай егу былтырғы жылмен салыстырғанда 2500 гектарға азайды. Оның орнына жоңышқа мен жүгері дақылдары егілуде.
Былтырғы жылы агроқұрылымдарға жанар-жағармайды таратушы оператор тарапынан кедергілер болған, ал биылғы жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Turkistan janarmai» ЖШС мен «Мұнай инвестмент груп» ЖШС операторлары бекітіліп, агроқұрылымдарға кедергісіз босатуда. Минералды тыңайтқыштар алуға мемлекеттік бағдарлама биыл кеш ашылуына байланысты, шаруалар тарапынан алаңдаушылық болуда. Qoldau.kz арқылы көптеген шаруалар тыңайтқыш алуға өтінім беріп қойған. 1 тн селитраның толық бағасы 160 мың теңге, ал арзандатылған бағасы 71 500 теңге болып отыр. Шаруаларға тыңайтқышты жылдам әрі кедергісіз босату жолдарын қарастыруға Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «КазАзот» мекемесіне ұсыныс берілді.
ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС
Еліміздегі экономиканың басты драйвері ол шағын және орта бизнес болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың бірінші тоқсанында ауданда шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын субъектілердің саны – 5054 құрап, белсенділік 98,7 % жеткен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында диверсификация мен технологияға негізделген экономика құру жай қажеттілік қана емес, бұдан басқа дамудың жолы жоқ екенін нақты атап өткен болатын. Бүгінгі таңда ауданда екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Ол «Turkistan Fruit» ЖШС жоба құны 8 млрд 533 млн. 54 жаңа жұмыс орыны ашылады. (қара шөрік егіп, оны өңдеп шырын шығарады 400 га), екіншісі «Туркестан Агро ХХІ» ЖШС жоба құны – 6 млрд 400 млн. теңге. 19 жаңа жұмыс орыны ашылады. (тауарлы сүт фермасы, 46,2 га).
Сонымен қатар, жоба құны 2 млрд 562 млн.теңгені құрайтын Төле би ауданында орналасқан Ленгір «Балмұздақ» ЖШС өздері шығаратын өнімдерін сақтайтын қойма салу жоспарлануда. Бұл бойынша тиісті құжаттамалық жұмыстар жүргізілуде. 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Аудандағы ШОБ субьектілерінің басым көпшілігі үйіргелік жерлерде орналасқан. Кәсіпкерлермен ұдайы кездесіп, өзекті мәселелерін талқылап, жан-жақты қолдау көрсетіледі. (жер, инфрақұрылым, мемлекеттік қолдау, жеңілдетілген несие). Оның бір дәлелі наурыз айында іске қосылған «Sem Brend» жиһаз цехы, жоба құны 300,0 млн теңге, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Кезең-кезеңімен 300 адамға дейін ұлғайтпақ. Бастапқыда кәсіпкерде жер және жеңілдетілген несие мәселесі туындаған, қазіргі уақытта толықтай мәселесі қанағаттандырылып, жоба іске қосылды. (темірден жиһаз жасау 0,45 га)
Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты өнеркәсіп саласында 2022 жылдың 3 айында 1 млрд 456,9 млн. теңгенiң өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 89,2% құраса, өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 1 млрд 038,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 78,8% құраған. 2022 жылдың қаңтар-наурыз айының қорытындысымен инвестиция 3,2 млрд.теңгені құрап, 111,2% жеткен.
Өңірдің потенциялын пайдалана отырып және ауданның географиялық орналасу мүмкіндігін ескере келе, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта қарқынды жүргізілетін болады. Басты мақсаты жаңа жұмыс орындарын ашу және аудандағы жұмыссыздық деңгейін түбегейлі жою. Елімізде кез келген кәсіпті меңгеріп, оны жүргізуге, дамытуға және жетілдіруге барлық мүмкіндік жасалған. Мемлекет тарапынан қолдау көрсететін арнайы бағдарламалар да жеткілікті. Сондықтан болар аудан құрылғалы бері өз кәсібін бастағысы келетін азаматтардың саны күн санап артып келеді.
ТУРИСТІК КЛАСТЕРДІ ҚҰРЫП, ДАМЫТУ КӨЗДЕЛУДЕ
Сауран ауданының экономикалық әлеуетін дамытудың негізгі бағыты ретінде туристік кластерді құрып және дамыту көзделуде. Ел арасында аудан аумағындағы тарихи орындарға алыс жақын облыстардан және шет елдерден қызығушылық танытып, келген туристердің саны 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында – 13842 турист келген. Оның ішінде: Сауран қалашығы – 1324, Үкаша ата кесенесі – 11357, Жылаған ата – 210, Жүсіп ата кесенесі – 921, Имам Мархозы – 30, аудан аумағында «Әзірет Сұлтан» қорық – мұражайының меншігіндегі 52 тарихи-мәдени туристік нысан бар.
Өңіріміздегі тарихи-мәдени орындарға инвестиция тарту жұмыстары қарқын алып келеді. Мұражай тарапынан Ескі Сауран қалашығы аумағынан жоба құны 320,0 млн.теңгені құрайтын «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары басталды. (қонақ үй, тамақтану орны, көрме орталығы, гид қызметі, автотұрақ).
Сондай-ақ, Үкаша ата кесенесіне келген туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында инвестор тауып, қазіргі уақытта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» мекемесі арасында өзара келісім-шарт жұмыстары мен жер бөлу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Кесене аумағында заман талабына сай қонақ үй, автотұрақ, намазхана, тамақтану орындары бой көтеретін болады. Нәтижесінде ішкі туризмнен түсетін кіріс көзін арттыруға күш салуда. Ескі Иқан ауылдық округінде жоба құны 50,0 млн.теңгені құрайтын Жүсіп ата кесенесінде «Сапар» орталығы мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Айта кетерлігі, бұл орталық аудандағы жеке кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен бой көтеруде.
Ауданның жағажай туризмін және емдік туризм, тарихи туризм, діни туризм, экотуризм мен қысқы және жазғы демалыс орындарын дамытуға мүмкіндігі бар. Осы бағыттар бойынша инвестиция құятын жобалар іздестірілуде. Алдағы уақытта туризм саласын дамытуға және туризмнен түсетін табыс көзін арттыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
“ТҮРКІСТАН” АҚПАРАТ.