- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мерекесі қарсаңында Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Зәкір Мұсаев ақсақалға арнайы барып, сұхбаттастық.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде ел шетіне тиген жаудың бетін қайтару үшін Түркістаннан 18547 ер азамат аттанса, кәмелетке енді толған Зәкір де өз еркімен кете барды. Майданға аттанғандардың 2,5 мыңы елге аман-есен оралса, қазір Түркістан облысы бойынша саусақпен санарлығы ғана қалған.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөз бар. 1943 жылдың 9 ақпан күні Түркістан әскери бөлімінен аттанғанын, Украйнаның Житомир қаласынан бастап азат еткен қанды қырғынды Германияда аяқтап, 1950 жылға дейін Дрезден қаласында әскери борышын өтегенін, Сталин, Черчилл, Рузвельт қол қойған Подстам конференциясын күзеткенін көз алдынан өткізіп, тебіреніске толы естеліктер айтып берді. Ойпырмай, 97 жасты еңсерген қарияның есте сақтау қабілетінің мықтылығына таң қалғанымыз рас.

Иқандық бейнеткеш халық Жеңісті жақындатқан майдангерлерді ешқашан ұмытпайды. Сұм соғыс салдарынан Зәкір бабаның да Юсуп Тайымов, Әбдулахат Юсупов, Әбдулқияс Юсупов, Мірқайдар Мұсаев, Іскендір Мұсаев есімді жерлестері елге оралмаған. 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесіне орай, ауылдастары майданда опат болған боздақтардың есімін ел есінде сақтау мақсатында ауылдағы жайқалған жеміс бақтарына әрқайсысының есімін беріпті.
Бүкіл Түркістан өңіріндегі экономикалық жағдайды әлі күнге дейін қас қабағымен бағып отырған ақсақалды елдің пір тұтатын себебі, ол қырық жылға жуық Иқанның есеп қисабын басқарса да, қазынаның бір тиынына тиіспеген. Қазіргі қазынаның қаржысына қол салып, қол салғанда да мол салатындарды мүлде түсінбейді. Қолымда құқықтық мүмкіндігім болса, оларды халық жауы ретінде көзін жояр едім, – дейді. Қарияның зейнетке шыққанына да отыз жеті жыл өтсе де, сөзі де өзі де тым ширақ.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен облыс мәртебесін алған Түркістанның болашағы жарқын. Тәулік бойы жүргізіліп жатқан қаланың құрылысы тоқтамаса, ертегідегі батырлардай тез-ақ алыпқа айналады. Күн сайын түрленген Түркістанды көрген сайын жүрегім жарыла қуанамын. Түркістан ғажап көркейіп келеді.
Еліміз аман, бейбітшілік заманымыз мәңгілік болсын. Патшамыз аман болсын. Бүгінгі таңда елімізде барлық жағдай жасалынуда. Зейнетақымызға да жыл сайын үкімет тарапынан қаржы қосылуда, – деген қария ақ батасын беріп, елдің амандығын тіледі.
«Алдыңда қартың болса, жазулы хаттай», – дегендей, бүгінгі таңда 2 ұлы мен 4 қызынан 27 немере, 20 шөбере, бір шөпшек сүйіп отырған Зәкір ақсақалдың ғибраты, турашыл қам қарекеті жастардың алдындағы темірқазықтай айқын, бағыт -бағдары әр жасқа үлгі.
Ләззат САРЫБАЕВА.