- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Биыл Ұлы Жеңіске 77 жыл толып отыр. Жылдар өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңістің авторлары – майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз.
1941-1945 жылдары ел басына ауыр күн туған шақта елді дұшпаннан қорғауға аттанған қазақстандықтардың майданда көрсеткен ерліктері орасан зор екендігі мәлім. Олардың қолына қару алып, көкірегін оққа тосып, жеңісті жақындатуға қосқан еңбектері тарихта ойып тұрып орын алды. Ұлы Отан соғысында ерлік танытқандардың бірі Шорнақ ауылында тұратын 100 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Ғани Сарамсақов.
Ол 1922 жылы 3 қыркүйекте бұрынғы Фрунзе ауданы, Ленинизм колхозында дүниеге келді. 1936 жылы 7 жылдық мектепті бітіргеннен соң, жастайынан еңбекке араласып, колхозда еңбек етті. 1941 жылы 19 жасында еріктілер қатарында соғысқа аттанады. Алдымен Шымкентте, кейін Ленгерде 6 ай дайындық курста оқып, қан майданға 1942 жылдың наурыз айында Украинаға барады. ІІІ-Украина майданындағы 519-шы атқыштар полкінде және Валакаламск бағытында болған неміс-басқыншыларына қарсы болған сұрапыл соғыста аянбай шайқасты. Сондай-ақ, Румыния, Венгрия, Югославия елдерін азат етуге қатысады.
Соғыста барлаушы болған. Орыс тілін жетік білгендіктен аудармашы да болыпты. Ғани Сарамсақов екі рет жарақат алып госпиталда емделіп шыққан екен. Соғыс аяқталған соң өз еркімен халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысады. 6 айлық курста оқыған ол жүргізушілік мамандығын игеріп, Ресейдің Москва, Сталинград, Горький, Дзержинск қалаларында 16 жыл еңбек етеді. Сол жақтан тапқан өмірлік жары Мунавар апамен жұбы жарасып отау құрып, 2 қыз, 1 ұлды дүниеге әкеледі.
1961 жылы отбасымен елге оралып, қызу еңбек ортасына араласады. 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Ленинизм колхозында жүргізуші және электр механик болып жемісті еңбек етті. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін ІІ-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, медальдармен марапатталған.
Бүгінде 3 ұл-қызынан 12 немере, 20 шөбере, 3 шөпшек көріп отырған қадірменді қария.
Мереке қарсаңында Ғани қарияға арнайы барғанымызда келіні Мухаббат Масалықызы атаның ыстық-суығына қарап, қызметін жасап, батасын алып отырғанына куә болдық. Бір ғасырды еңсерген атаның күтімі жайлы сұраған сауалымызға келіні Мухаббат Масалықызы: – Күнделікті уақытымен сүт ішеді. Түскі және кешкі тағамға дәмді ботқа дайындап беремін. Тәбеті жаман емес. Денсаулығы жақсы, – дейді. Қарияның денсаулығы жақсы болғанымен, келген адамдарды танымайды. Қанша дегенмен қарттық жеңеді деген осы болса керек, сірә.
Р.S. Ендеше, Сауран ауданы бойынша қалған екі соғыс ардагері Ғани Сарамсақов пен Зәкір Мұсаев қарияларды Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мерекесімен құттықтап, мықты денсаулық тілеп, Ұлы Жеңістің 100 жылдық мерейтойына аман-есен жетіңіз, – деген ақ тілектеміз.
Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.