ҚАЛА ӘКІМІ ЖАСТАРМЕН «MASTERMIND» ФОРМАТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

984 көрілім

Бүгін «Фараб» кітапханасында қала әкімі Н.Тұрашбековтың белсенді жастармен кездесуі өтті. Кездесуде еркін пікір алаңы құрылып, «ашық микрофон» арқылы әрбір қатысушы өз  ойын ортаға салды.  Шара модераторы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Әдемау Толысбаева  бүгінгі білімгерлердің болашақ маман екенін, ал болашақ маманның үлкен тұлғаға айналатынын атап өтті.

Өз кезегінде Н.Тұрашбеков те түркістандық жастар қала халқының 25%-ын құрайтынын, сондықтан да жастар игі бастамалардың қозғаушы, негізгі күші бола білуі керектігін түсіндірді. Жастарды алаңдатқан, көкейлерінде жүрген мәселелер назарға алынып,  біршама бастамалар көтерілді.

Осы орайда солардың ең бастыларын тоқталсақ,   жастар арасында мәслихат құрып, олардың да ой-пікірлері тыңдалса, сондай-ақ, ірі қалалардағыдай қоғамдық көліктер мен басқа да орындарда студенттерге жеңілдіктер қарастырылса деген ұсыныстар айтылды. Әр колледжге жастар ісі жөніндегі мамандар жұмыс атқаруы керегі де назардан тыс қалмады.

         Кездесуде көтерілген мәселелер мен сын-пікірлерді ескере отырып, шаһар басшысы жастарды қолдау әрі ынталандыру мақсатында тиісті сала мамандарына міндеттемелер тапсырып, нақты шешім қабылдайтынын жеткізді. Бұдан бөлек жиналған студенттер әкімге жетістікке жету жолында алған тәжірибесімен бөлісуін сұрады. 

Сонымен қатар, еркін форматта өткізілген жиында «әкіммен бір күн» жобасы жасалып, алдағы уақытта осындай  басқосулар жиі ұйымдастырылса, белсенді білімгерлер мен жастар қаланың гүлденуіне жұмылдырылса деген тілектер айтылды. Н.Тұрашбеков бұл ұсынысты да қолдап, кездесу кезінде айтылған барлық бастама, идеялардан нақты жоба әзірлеп, осы арқылы жастармен тығыз жұмыс жасайтынына сенім білдірді. Кездесу кезінде қала әкімі бір аптадан соң «Жібек жолы» саябағында жастармен қайта жүздесіп, мақұлданған жұмыстарды талқылайтын боп келісті.

Шара соңында жиналған жастар қала әкімімен бірге кинотеатрға барды. 

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы