Облыс орталығы атанған Түркістанда алғаш рет ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің концерті өтті. Түркітілдес ел өнерпаздарының басын қосқан салтанатты шара «Жастар жылы» мен Түрік кеңесінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан концертке өңір басшысы Ө.Шөкеев, қала қонақтары және тұрғындар қатысты. Сахна шымылдығы облыс әкімінің алғы сөзімен түрілді.

Сахна төрінде 10 елдің талантты жастары өнер көрсетіп, әлемдегі шоқтығы биік шығармалар орындалды. Сырлы әуен мұқым елге керемет көңіл күй тарту етіп, рухани демалыс сыйлады. Қайта-қайта қағылған қос қолдың қошеметі концерттің жоғары деңгейде өткендігінің дәлелі болды. Оркестрге Татарстаннан Ренат Салаватов, Қазақстаннан Анвар Акбаров, Әзірбайжаннан Мұстафа Мехмендаров сынды білікті мамандар дирижерлік етті.


Айта кетейік, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 27-тұрақты кеңесінің шешімімен құрылған ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестріне биыл 9 жыл толып отыр. Түркітілдес елдердің жетекші консерваторияларының талантты студенттері мен түлектерінен құралған топ, бүгінге дейін 30-дан астам Еуропа, Америка және Азия елдерінде 60-тан аса концерттер қойған. Қазіргі таңда халықаралық аренада өте танымал ұжымдардың біріне айналып үлгерді.



Жиын соңында талант иелерін тапжылмай тамашалаған және қолдау көрсеткен облыс әкімі Ө.Шөкеев пен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Абдрасиловқа ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың атынан алғыс айтылып, кәде-сый тарту етілді. Алдағы уақытта бұл концерт еліміздің Шымкент, Тараз, Алматы қалалары мен Қырғыстан және Әзірбайжан мемлекеттерінде жалғасын табатын болады.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».