ЖАСТАР ҮЛКЕНДЕРДІҢ ҰЛАҒАТЫН ТЫҢДАП ӨСУІ ТИІС

1  670 көрілім

Жастар – кемел келешек пен жарқын болашақтың кепілі. Ал, отбасын құрған жас отбасылар – Отанымыздың шағын бір бөлшегі. Олар құрған қамалдың берік, іргесі мықты болуы – мемлекетіміздің де айрандай ұюының бір кепілі. Дәл осы мақсатта, облыстық жастар ресурстық орталығында облыстық «Отбасы академиясы» қоғамдық қорының «Өнеге» жобасы аясында кездесу өтті. Жиынға қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары П.Досыбеков пен облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы И.Намазбаева отбасы негіздері мен құндылығы жайында білген-түйгенімен бөлісті.


«Отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі. Отбасының іргетасы ер азамат пен әйел адамның ақ неке қиып, отау тігуінен құралады. Ал, отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы мол. Мен өзім 12 балалы отбасыға келін болып түстім. Өзімнің басымнан өткергенім бүгінгі жастарға әсер етсе бір қуаныш. Қазақстан бойынша енді құрған жас отбасылардың 50 пайызы ажырасқан екен. Ал, Түркістан облысында олар 40-қа жуық пайызды құрайды. Үлкендер жастарға үлгі көрсетіп, өсиет айтып отырса, бірлесіп жұмыс істесе қоғамда өзара татуластық орнар еді», – деді академияның Түркістан облысы бойынша төрайымы Баян Жандосова.


Сонымен қатар, жиында ер азаматтардың отбасындағы рөлі терең талқыланды. Отбасының берік болуы – алдымен ата-анадан алған тәрбиеге байланысты. Диалогтық кездесуге келушілер: «Әкең келе жатыр, әкең ұрсады, әкеңнен ұят» деп жиі айтып отыратын отбасында бүгінгідей ажырасу сынды өрескелдіктер орын алмас еді деген пікірлерін ортаға салды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы