- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бүгін рухани шаһарда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңес мәжілісі өтті. Онда Нұр-Сұлтан қаласында өткен аталмыш партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қаралған өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, оны облыс аймағында іске асырудың тиімді жолдары қарастырылды. Мәжіліске «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен саяси кеңестің мүшелері, қоғам өкілдері және аудандық мәслихат хатшылары, фракция жетекшілері қатысты.

Айта кетейік, 21 тамыз күні Елордада болған «Nur Otan» партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысына «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан болатын. Жиында Елбасы «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған еді. Осы орайда, мәжілісте өңір басшысы Ө.Шөкеев жаңғырту бағдарламасына кеңінен тоқталып, облыста жүзеге асыру барысы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеп, 7 мәселеге мән берілді.

Отырысты ашып, жүргізген облыс әкімі Ө.Естайұлы күн тәртібінде белгіленген 7 мәселеге жіті тоқталды. Атап айтсақ, партияның белсенді мүшелерін айқындау және «Жастар жылына» орай екі тараптан яғни, билік пен бұқара арасында белсенділерді тарта отырып диалогтық алаң құрып, пікір-сайыстар өткізу керектігі тілге тиек етілді. Сонымен қатар, қоғамдағы тамырын тереңге жайған жемқорлық індетімен күресу және партия азаматтардың өзекті мәселелерін шешуде, олардың әлеуметтік жағдайын түзеуге көмек көрсетуі тиіс екендігі айтылды. Бұған қоса, Қоғамдық бизнес-қабылдау ашылуы қажет. Онда қарапайым халықпен қатар кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, олардың арыз-шағымы тыңдалуын алға тартты.


«Облыстағы, аудандағы әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуалды насихаттауда өзекті мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдары жазуы керек. Дегенмен, БАҚ жалған ақпарат тарату, бопсалаумен айналыспауы тиіс. Елбасы тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ауыл – ел бесігі» жобасы біздің облыста қарқынды жүзеге асуда. Биылдың өзінде 4 млрд теңге көлемінде аудандарға қаражаттар бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Осы халықтық жобаның жүзеге асуын партиялық бақылауға алып, сапалы орындалуын тапсырамын» – деді облыс әкімі.

Мәжіліс шеңберінде облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев баяндама жасаса, партия Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Н.Әбішев пен ақын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы «Айтыс» орталығының жетекшісі Б.Байтуов және Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры, «Маман» бастауыш партия ұйымының төрағасы А.Абпазовтар жарыссөзге шықты. Жиынды облыс әкімі Ө.Шөкеев қорытындылап, мәжілістің қаулысы қабылданды.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».